Кеңес заманында белгілі бір мамандық иесіне өлең, ән арнап, сол мамандықты асқақтату деген жақсы дәстүр болды. Сол уақыттарда дүниеге келген кейбір сондай әндерді халық әлі сүйіп, шырқайды. Мәселен, ақын Аманжол Шәмкенов пен композитор Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым» әні мұғалімдердің ұран-әніне айналды десек, шындықтан алыстамаймыз. Садықбек Адамбеков пен сол Әбілахаттың «Маржан қыз» туындысы Атырау аймағында озат жылқышы болған Маржан Енбаеваға арналған деген дерек бар. Ал біздің бүгінгі әңгімеміз кейінгі жылдары шығып, бізге ерекше ұнаған ақ халатты абзал жандарға арналған ән туралы болмақ.
Қазір көп ақпаратты әлеуметтік желілерден аламыз. Ән де, жыр да – сонда. Бірде Facebook-тан көрген «Абзал жандар» атты әнге назарымыз айрықша ауды. Авторлары – композитор Есжан Әміров пен ақын Қайрат Асқар, орындаушысы – Меруеш Башай. Туынды алғашқы ноталарынан-ақ тыңдармандарды әуезділігімен тарта жөнеледі, жедел жәрдем көліктерінің сап түзеп, жүріп бара жатқан көрініс те әсерлі. Осы тұрғыдан бейнежазбаны жасағандардың еңбегін де ерекше атап өту керек, төрт минуттан сәл асатын жазба әнмен әдемі үйлесіп тұр. Әнші Меруештің орындауы да жүрекке жетеді.
Ән туған кезеңде әлемді ауыр індет буып тұрған. Есжан Әміровтің айтуынша, бұл туынды адамзатты ковидтен құтқару жолында дамыл көрмей, өз өмірін қатерге тігіп, жанын аямаған дәрігерлерге алғыс ретінде дүниеге келді.
– Сол кезеңде көбіміз онлайн жұмысқа көшіп, қашықтан оқу жүргізілді. Бірақ қатар жүрген жігіттердің ауруханаға түсіп қалғанын естідім. Содан өзіме ПЦР тапсыру керек болып, емханаға барған едім. Ертесіне үйге жедел жәрдем келіп, алып кетті. Екі апта жатқанда медицина қызметкерлерінің күндіз-түні тыным таппаған еңбегін көрдім. Ауруханадан шыққан соң да сол күндер есімнен кетпеді. Сол жандарға алғысты қалай жеткізсек те артық болмайтынын түсіндім. Көп ұзамай бір әуен келді. Ақын Қайрат Асқарға қолқа салдым. Ол тездетіп мәтінін жазып берді. Әнді белгілі әнші Меруеш Башайға ұсындық. «Абзал жандар» әні осылай дүниеге келді, – дейді композитор.
Ән мәтінінің авторы, аса талантты ақын Қайрат Асқар қазір арамызда жоқ. Бір жыл бұрын өмірден мезгілсіз озып кетті. Пандемия кезінде ол Қарағандының Жастар ресурстық орталығында жұмыс істеген еді. Сол уақытта ол да өмірін қатерге тігіп, үйіне қамалып қалған жандарға азық-түлік пен керек-жарағын тасығанын білеміз. Яғни індеттің ауырлығын жан жүрегімен сезініп, ән сөзін әдемі өріп шықты. Кейбір шумақтарын келтіре кетерлік:
Тілсіз дерттен құтқарам деп әлемді,
Мейіріммен нұр төккендер.
Қуанышқа бөлейді әлі әр елді
Жарқын жаздар, гүл-көктемдер.
Әрбір жанға арнап жылу, жан нұрын,
Жүректерін жұлдыз етіп.
Ел ертеңін, амандығын, саулығын
Кірпік қақпай жүр күзетіп...
Індет уақытында өнерпаздар халыққа жігер беру мақсатында онлайн-концерттер өткізді. Сол кезде әнші, композитор, марқұм Сейіл Аяғанның орындауында «Дәрігер қарындасқа» атты әнді естідік. Бұл туынды жарты ғасыр бұрын туған екен. Кейін ән авторы, композитор Жағыпар Әлімханов оны Сейілге берді. Әнші бұл туындыны жақсы жаңғыртты.
Пандемия кезінде белгілі ақын, әнші, композитор Елена Әбдіхалықова «Жан қорғаны – дәрігер» әнін жазды. Осы ән мәтінінің авторы, күні кеше ғана Мемлекет басшысының қолынан ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алған медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов екенін айта кету керек.
Тағы бір дәрігер ақын Толқын Ақанұлы мен әнші, композитор Кентау Назарбектің тандемінен «Дәрігерлер әні» туындысы дүниеге келді. Жалпы ақ халатты абзал жандарды қалай асқақтатса да жарасады. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын!