Оқушылар есірткінің зияны туралы қойылым қойды

Оқушылар есірткінің зияны туралы қойылым қойды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы «Таным» көпфункционалды кешенінде жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға арналған «Сөнген шырақ» атты театрландырылған қойылым өтті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

№1 Тәттімбет атындағы өнер мектебінің оқушылары сахналаған спектакльді елордалық мектептердің оқушылары тамашалады.

Қойылымда зиянды әдеттердің салдары, буллинг және отбасындағы қарым-қатынас мәселелері баяндалды.

Қойылымның идеясын, сценарийі мен сахналық көріністерін оқушылар №1 Тәттімбет атындағы өнер мектебінің театр бөлімінің оқытушысы Бақтияр Қарымсақпен бірге әзірлеген.

Дайындық жұмысы шамамен бір айға созылды.

«Спектакльді оқушылармен бірге ойластырып, дайындадық. Сценарий де, сахналық көріністер де балалардың өз идеялары негізінде жасалды. Ал мен ұстаз ретінде оларға көмектестім», – деді қойылым авторы.

Ол театр жұмысына атсалысу оқушыларға қоршаған ортаға басқа қырынан қарауға көмектесетінін атап өтті.

«Актерлік шеберлікпен айналысып, театр саласында білім алатын баланың дүниетанымы мен қабылдауы өзгеше қалыптасады. Сондықтан спектакль кезінде әркім кейбір көріністерден өзін, достарын немесе мектептегі қандай да бір оқиғаны көреді», – деп толықтырды Бақтияр Қарымсақ.

Іс-шараны елордалық Ішкі саясат және Білім басқармалары, сондай-ақ Астана қаласының Полиция департаменті ұйымдастырды.

Бастама есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жастардың өз болашағына саналы көзқарасын қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Әлия Қибатқызы қойылым нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елордада 700-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Бұл ретте оқушыларға дәрістер мен фильмдерден бастап, өздері де қатыса алатын театрландырылған қойылымдарға дейін түрлі формат ұсынылады.

«Біздің басты міндетіміз – балалардың өзін профилактикалық іс-шараларға тарту. Біз аудиторияның әртүрлі екенін білеміз: біріне дәріс ұнаса, енді біріне фильм, ал кейбіріне осындай театрландырылған қойылымдар ұнайды», – деп түсіндірді Әлия Қибатқызы.

Іс-шара жүргізушісі, «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының жетекшісі әрі Қазақстандағы БҰҰ Жастар консультативтік кеңесінің мүшесі Темірлан Макубаев нашақорлықтың алдын алу үшін тұрақты жұмыс жүргізіп, жастардың өзін осы іске тарту қажет деп санайды.

Ол мұндай іс-шаралар мәселе туралы жай ғана естіп қоймай, оған жеке қатысу арқылы оның мәнін тереңірек түсінуге көмектесетінін атап өтті.

«Дәріс тыңдау бір бөлек, ал жастардың іс-шараға қатысуы мүлде басқа. Осындай сәттерде ол мәселенің маңызын шын мәнінде түсінеді», – деді Темірлан Макубаев.