Заң мен тәртіп: ұрпақ санасындағы құндылық

Заң мен тәртіп: ұрпақ санасындағы құндылық
фото: Айгүл Уайс

Астана қаласындағы №81 «Astana English School» халықаралық мектебінде «Заң мен тәртіп: ұрпақ санасындағы құндылық» атты театрландырылған тәрбиелік қойылым өтті.

Қойылым оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау құндылығын ұғындыруға бағытталған. Жоба белсенділері сахна өнері арқылы адалдық, әділдік, адам құқығын құрметтеу және қоғамдық тәртіпті сақтау тақырыптарын көрерменге жеткізеді.

Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың санасына заң мен тәртіпті құрметтеу құндылығын сіңіріп, оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беру. Өмірлік жағдайларды сахналау арқылы балалар жасаған таңдауының салдарын түсінуге, өзгенің сезімі мен құқығын ескеруге, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдаудың маңызын ұғынуға үйренеді.

Әр баланың бойында ашылмаған қабілет, айтылмаған ой, жүзеге асыруды күткен арман бар. Театрландырылған қойылым оқушыларға өз ойын еркін жеткізуге, түрлі рөл арқылы өзін жаңа қырынан тануға, сенімділігін арттыруға және ортақ іске үлес қосуға жол ашады.

-Бүгінгі қойылымда  сахнада тәжірибесі бар оқушылармен қатар, өнерін көпшілікке алғаш рет танытатын, қолдау мен бағыт-бағдарға мұқтаж балалардың да белсенді қатысуына мүмкіндік берілді. Бірлескен шығармашылық жұмыс олардың өзара сыйластығын, ынтымақтастығын және ортақ нәтижеге деген жауапкершілігін нығайтады. Біздің ұстанымымыз – әр бала талантты және әр бала өз әрекетіне жауап бере алатын саналы азамат болып қалыптасуға қабілетті. Ол үшін балаға сенім артып, ойын айтуға, қабілетін көрсетуге және дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беру қажет. Заңға құрмет пен тәртіпке жауапкершілік күнделікті қарым-қатынастан, өзгені сыйлаудан және өз ісіне адал болудан басталады, - деді мектеп директорының  тәрбие ісі жөніндегі орвнбасары Гүлнар Тайшибаева. 

Әр адамның үні естіліп, қадірі құрметтелген ортада бірлік нығаяды. Бірін-бірі тыңдаудан жарасымды үндестік туады. Сол үндестік өмірімізде де жалғасын тапсын! деген ұранмен театрландырылған қойылым мәресіне жетті. 

Айгүл Уайс