Қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі -Қор) жүйесі жаңару мен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Соның нәтижесінде біз өзіміздің ауқымды сақтандыру жүйемізді қалыптастырдық. Алайда осы уақытқа дейін жүйені басқаруда көбіне бюджеттік тәсілдер басымдыққа ие болып келді. Біздің негізгі міндетіміз – сақтандыру, ал басқару құралдарымыздың басым бөлігі бюджеттік сипатта.
Медициналық көмек алушылар жүйенің тиімділігін қаржылық жоспардың орындалуымен немесе ақысы төленген қызметтер санымен бағаламайды. Олар үшін сақтандыру жүйесінің тиімділігі қажетті медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуімен және ауруды емдеу барысында жеке қаражатынан мәжбүрлі түрде шығындалмауымен өлшенеді.
Сондықтан Қор дамуының келесі кезеңі қаржыландыру көлемін кезекті рет ұлғайту немесе қаражаттың жұмсалуын бақылауды күшейтумен ғана шектелмеуі тиіс. Алдымызда бұдан да күрделі міндет тұр. Ол – экономикалық басқару тетіктерін қабылданған сақтандыру міндеттемелеріне сәйкестендіру және көрсетілген қызметтердің санын есептеумен шектелмей, медициналық тәуекелдерді тиімді басқару.
Әрине, Қорға түсетін қаражат көлемі, жыл басында бекітілген жоспардың орындалуы, төленген медициналық қызметтердің саны және бөлінген қаражаттың игерілуі бүгінгі есептіліктің негізгі көрсеткіштері болып саналады. Алайда олар сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы артты ма, сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделері қаншалықты қорғалды деген сұрақтарға толық жауап бере алмайды.
Мәселен, бөлінген қаражаттың толық игерілуі бюджеттік басқару тұрғысынан тиімділік ретінде бағалануы мүмкін. Ал сақтандыру логикасы бойынша басты нәтиже – Қордың өз міндеттемелерін толық орындап, келесі кезеңге жеткілікті қаржылық резерв қалыптастыра алуы. Демек, Қор қызметінің ашықтығы мен тиімділігін бағалайтын нақты экономикалық өлшемдер жүйесі қажет.
Жуырда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Гүлмира Сәбденбек бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақаласында қоғамға ашық әрі әділ есеп беруге мүмкіндік беретін бес негізгі бағытты түсіндірді. Ендігі міндет – осы көрсеткіштердің негізінде қандай басымдықтар жатқанын және олардың сақтандыру жүйесінің тұрақтылығына қалай әсер ететінін түсіндіру.
Сақтандыру міндеттемелері және медициналық көмектің қолжетімділігі
Ең алдымен, сақтандыру жарнасын төлеген азамат алдындағы міндеттемелердің орындалуына назар аударуымыз керек. Азамат жарна төлей отырып, белгілі бір кезеңде қажетті медициналық көмекті уақытылы алуға сенім артады. Сондықтан негізгі мәселе – осы міндеттеменің қаншалықты сапалы әрі уақтылы орындалуы.
Өкінішке қарай, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сақтандыру міндеттемелерінің орындалуы туралы ақпарат қоғамға әрдайым нақты әрі түсінікті көрсеткіштер арқылы ұсыныла бермейді. Соның салдарынан азаматтар қажетті көмекті уақытында алу үшін кейде өз қалтасынан қаражат жұмсауға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда Қор сақтандыру пакетіне кіретін медициналық қызметтер бойынша азаматтардың мәжбүрлі жеке шығындарының үлесін және сақтандыру міндеттемелерінің орындалу индексін қатар талдауы қажет. Бұл ретте медициналық көмектің қолжетімділігі, қаржыландырудың уақтылығы, емнің толық көлемде көрсетілуі және азаматтардың қаржылық жүктемесінің төмен болуы басты назарда болуы тиіс.
Алайда бір ғана жиынтық көрсеткіш нақты жағдайды толық ашып бере алмайды. Мәселен, медициналық көмекке кезек азайғанымен, азаматтардың жеке қаражаты есебінен төленетін қызметтер көлемі артуы мүмкін. Сондықтан көрсеткіштерді құрамдас бөліктері бойынша талдау маңызды. Мұндай тәсіл Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесінде де қолданылады.
Жарналық түсімдер және сақтандырумен қамту деңгейі
Келесі маңызды мәселе – Қор кірістерінің қалыптасу құрылымы. Бүгінде сақтандыру жарналары мен бюджеттен бөлінетін қаражаттың арақатынасы мемлекеттік қатысу үлесіне байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен бұл көрсеткіш Қор жұмысының тиімділігінен гөрі жүйедегі қалыптасқан қаржыландыру құрылымын сипаттайды.
Сақтандыру жүйесінің орнықты болуы үшін азаматтар денсаулығында мәселе туындағанға дейін ортақ сақтандыру пулына тұрақты түрде жарна аударуы қажет. Алайда елімізде бұл қағидат әлі де толық қалыптасқан жоқ.
Қазіргі уақытта шамамен 3,4 млн қазақстандық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың қатарында тұрақты табысы жоқ, уақытша жұмыс істейтін немесе медициналық көмекке қажеттілік туындаған кезде ғана жарна төлеуге ұмтылатын экономикалық белсенді азаматтар бар.
Бұл ретте азаматтар тұрақты түрде төлейтін жарнасының көлемі мен қажетті медициналық көмектің құны арасындағы айырмашылықты түсінуі маңызды. Өйткені сақтандырудың негізгі артықшылығы – жеке адамның жарнасы оның нақты емделу шығындарымен тікелей шектелмейді, ал тәуекел барлық қатысушылар арасында бөлінеді.
Сондықтан сақтандырылған азаматтардың жалпы санымен ғана шектелмей, жарна төлеушілердің нақты үлесін бағалау қажет. Атап айтқанда, сақтандырылуға тиіс азаматтардың ішінде тұрақты жарна төлейтіндердің және соңғы 12 ай бойы үздіксіз төлем жасағандардың үлесі есепке алынуы керек. Халықаралық еңбек ұйымы әлеуметтік сақтандыру жүйелерін бағалауда осындай көрсеткіштерді пайдаланады.
Бұл жерде тағы бір маңызды көрсеткіш – мемлекеттің жеңілдік санатындағы азаматтар үшін төлейтін жарналарының арақатынасы. Жеңілдік берілген санаттарға түсетін қаржылық жүктеме жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2025 жылы бір жарна төлеушіге 2,44 жеңілдік санатындағы азаматтан келсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 2,86-ға жетті.
Санаттар бойынша медициналық шығындар көлемі де айтарлықтай ерекшеленеді: бір балаға шаққандағы шығын шамамен 53 мың теңгеден басталса, мүгедектігі бар адамға 275 мың теңгеге дейін жетеді.
Дегенмен бұл шығындар медициналық тәуекелдің нақты құнын толық көрсетпейді. Олар медициналық көмектің қолжетімділігіне, дәрігерге жүгіну жиілігіне және аурулардың анықталу деңгейіне де байланысты. Мәселен, балаға жұмсалатын шығынның аз болуы оның денсаулығына қатысты тәуекелдің төмендігін емес, кейбір аурулардың әлі анықталмағанын білдіруі мүмкін.
Сол себепті сақтандыру жүйесінде азаматтардың жасын, жынысын, мүгедектігін және диагноздарын ескере отырып, медициналық тәуекелдердің нормативтік құнын есептеу маңызды.
Қаржылық тұрақтылық және сақтандыру резервтері
Сақтандыру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – азаматтардың медициналық көмекке мұқтаж болған кезде ғана жарна төлеп, емделгеннен кейін төлемді тоқтатуы. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы тұрақты жарна аударып келген азаматтардың қажетті медициналық көмекті уақытылы ала алмауы да жүйеге деген сенімге кері әсер етеді.
Егер азамат тұрақты түрде жарна төлегенімен, ауруға шалдыққан кезде кезек күтіп, қажетті бейінді маманның қабылдауына қол жеткізе алмаса, оның сақтандыру жүйесіне деген сенімі әлсірейтіні анық.
Сондықтан Қор тек қаражат жинап, медициналық ұйымдарға төлем жүргізетін құрылым ретінде емес, сақтандырылған азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін толыққанды сақтандыру институты ретінде жұмыс істеуі тиіс.
Қордың қаржылық тұрақтылығы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Демографиялық өсім, аурушаңдық деңгейінің өзгеруі, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі және медициналық қызметтердің қымбаттауы алдағы жылдары шығындардың артуына әсер етеді.
Осыған байланысты негізгі өлшемдердің бірі – Қордың өз міндеттемелерін жабу коэффициенті. Яғни демографиялық ахуалды, сырқаттанушылық деңгейін және медициналық ресурстар құнын ескере отырып, болжанған кірістердің кепілдік берілген медициналық көмек көлемін қаншалықты қамтамасыз ете алатынын бағалау қажет.
Бұл көрсеткішті бір қаржы жылымен шектемей, алдағы 3–5 жылға болжамдау маңызды.
Сонымен қатар қаржылық беріктік коэффициентін де тұрақты бақылау қажет. Мәселен, 2026 жылы Қор кірістері 29 пайызға өскенімен, шығыстарының өсімі 45 пайызды құрады. Нәтижесінде кірістердің шығыстарды жабу коэффициенті 1,2-ден 1,1-ге дейін төмендеді.
Бұл жағдай қаржылық тапшылықтың қалыптасқанын білдірмейді. Алайда кірістер мен шығыстар арасындағы айырмашылықтың қысқаруы сақтандыру жүйесінің қаржылық резервтеріне түсетін жүктеменің артып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай өзгерістер қоғамға ашық жарияланатын көрсеткіштер қатарында болуы тиіс. Әйтпесе, жүйенің қаржылық жағдайындағы өзгерістерді тек бюджеттік есептілікті егжей-тегжейлі талдайтын мамандар ғана байқай алады.
Бұл бағытта Эстонияның тәжірибесін зерделеуге болады. Аталған елде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджет көлемінің 6 пайызына дейінгі мөлшерде заңнамалық резерв қарастырылып, оны пайдалану Үкіметтің келісімімен жүзеге асырылады.
Сонымен бірге сақтандыру жүйесінің тұрақтылығын бағалауда медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтер үшін төлем жүргізудің орташа мерзімі де ескерілуі қажет. Себебі ауруханаларға төлемді кешіктіру арқылы қалыптасқан қаржылық қалдықты тұрақтылықтың белгісі деп бағалауға болмайды. Мұндай жағдайда қаржылық жүктеме медициналық ұйымдарға, ал түптеп келгенде пациенттерге ауысады.
Қор қызметінің әкімшілік тиімділігін бағалауда әкімшілік шығындардың медициналық қызметтерге төленетін қаражат көлеміне арақатынасы да маңызды көрсеткіштердің бірі болуы тиіс. Бұл ақпараттың ашық жариялануы Қор жұмысының тиімділігіне қоғамдық сенімді арттырады.
Астана қаласы бойынша филиалдың қаржыландыру көрсеткіштері
Осы тұста Астана қаласы бойынша филиалдың жұмысына да тоқталып өткен жөн.
Бүгінде елордадағы медициналық ұйымдарды қаржыландыру көлемінің артқанын байқаймыз. 2026 жылға медициналық көмекті сатып алу жоспары 343,9 млрд теңгені құрады. Оның аясында 325 млрд теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу туралы келісімшарттар жасалды.
Оның ішінде:
- мемлекеттік медициналық ұйымдарға 180,7 млрд теңге немесе жалпы қаржыландыру көлемінің 56 пайызы;
- жеке медициналық ұйымдарға 144,3 млрд теңге немесе 44 пайызы қарастырылды.
Өткен жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемі 50,4 млрд теңгеге немесе 15,5 пайызға ұлғайды.
Бұл көрсеткіштер елорда тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және мемлекеттік әрі жеке медициналық ұйымдардың қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Дегенмен қаржыландыру көлемінің өсуі өздігінен тиімділіктің толық көрсеткіші бола алмайды. Негізгі нәтиже – бөлінген қаражаттың нақты медициналық қажеттілікке сәйкес жұмсалуы және азаматтарға қажетті көмектің уақытылы көрсетілуі.
Осы тұрғыдан алғанда, ӘМСҚ тұрақтылығын бухгалтерлік тапшылықтың болмауымен ғана емес, сақтандыру міндеттемелерінің болжамды құнын жабу қабілетімен және медициналық көмектің уақтылы көрсетілуімен бағалау қажет. Сонда ғана оң қаржылық теңгерім белгілі бір кезеңнің есептік нәтижесі емес, жүйенің нақты тұрақтылығының көрсеткішіне айналады.
Медициналық қызметтерді сатып алу және тарифтердің тиімділігі
Қор қызметінің тағы бір маңызды бағыты – медициналық қызметтерді сатып алудың экономикалық тиімділігі. Оны бағалау үшін медициналық инфляция индексі мен тарифтердің нақты шығындарға сәйкестік коэффициентін талдау қажет.
Негізсіз және жалған қызметтерді анықтау мен қысқарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін тиімділікті арттырудың негізгі резерві нақты көрсетілген медициналық көмектің клиникалық негізділігін бағалауға байланысты болады.
Сондықтан медициналық қызметтің көрсетілген фактісінің өзі жеткіліксіз. Оның нақты қажеттілікке сәйкестігін, қайталанатын диагностикалық зерттеулердің негізділігін және бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын анықтау қажет.
Медициналық тәуекелдерді клиникалық сараптама мен деректерді кешенді талдау негізінде бағалауға болады. Егер сақтандыру қаражаты тек көрсетілген қызметтер санына қарай төленетін болса, қызметтер көлемінің өсуі өздігінен жалғаса береді. Ал бұл әрдайым медициналық көмектің сапасы мен тиімділігінің артқанын білдірмейді.
Сондықтан төлем тетіктерін жетілдіру маңызды. Ол үшін медициналық ұйымдардың қызметін жан-жақты талдап, қаржыландыру нәтижелерін ашық жариялап отыру қажет.
Бұл ретте төлем тәсілдерінің құрылымын үш деңгей бойынша қарастыруға болады:
- Көрсетілген медициналық қызметтер көлеміне қарай төленетін қаражат үлесі.
- Медициналық көмектің сапасы мен нәтижесіне байланысты төленетін қаражат үлесі.
- Қаржылық тәуекелдерді тараптар арасында бөлуді көздейтін келісімшарттардың үлесі.
Осы көрсеткіштер арқылы Қордың толыққанды сақтандырушы ретінде жұмыс істеп отырғанын немесе тек медициналық қызметтер үшін ақы төлеу функциясымен шектелетінін бағалауға болады.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – бір сақтандырылған азаматқа жұмсалатын шығындардың өсу қарқыны. Оған кепілдік берілген пакет көлемінің өзгеруі, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі, дәрілік заттардың құны, клиникалық хаттамалар және өңірлердегі медициналық қызметтер ұсынысының құрылымы әсер етеді.
Сондықтан төлемдердің негізділігі, медициналық ұйымдармен туындайтын даулар бойынша қабылданған сараптамалық шешімдердің нәтижелері де ашық көрсеткіштер қатарында болуы тиіс. Бұл қаржыландыру процесінің ашықтығын арттырып қана қоймай, медициналық ұйымдардың да, сақтандырылған азаматтардың да сенімін нығайтады.
Ұзақ мерзімді болжам және құрылымдық шешімдер
Медициналық шығындардың жыл сайын өсуі сақтандыру жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Мәселен, кірістер жыл сайын 6 пайызға, ал сақтандыру міндеттемелерінің құны 8 пайызға өсетін болса, 2035 жылға қарай кірістер кепілдік берілген медициналық көмектің болжамды құнының шамамен 84–85 пайызын ғана жабуы мүмкін.
Бұл жерде негізгі тәуекел кірістердің азаюында емес, олардың өсу қарқыны мен міндеттемелер құнының өсуі арасындағы тұрақты айырмашылықта жатыр. Бір жылдағы 2 пайыздық тармақ айырмашылық елеусіз көрінгенімен, ұзақ мерзімді кезеңде күрделі пайыз әсерінен құрылымдық қаржылық алшақтыққа алып келуі ықтимал.
Сол сияқты тиімділік көрсеткіштерінің жыл сайын небәрі 1,5 пайыздық тармаққа жақсаруының өзі болжанған қаржылық алшақтықты айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты бірқатар құрылымдық шешімдерді іске асыру қажет. Атап айтқанда:
- қаржыландыруды бұрынғы тұтыну көлеміне емес, нақты медициналық қажеттілікке сәйкес жоспарлау;
- нақты көрсетілген әрі негізделген медициналық қызметтерге ақы төлеу;
- созылмалы ауруларды ерте анықтау және тұрақты бақылауда ұстау;
- қаржылық тәуекелі жоғары медициналық жағдайларды жеке қаржыландыру тетіктері арқылы басқару.
Бұл ретте Астана қаласы бойынша филиалдың профилактикалық бағыттағы жұмысы да маңызды рөл атқарады. Созылмалы ауруларды ерте анықтау, диспансерлік есептегі пациенттерді тұрақты бақылау және медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз ету аурулардың асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мұндай тәсіл тек азаматтардың денсаулығын қорғауға ғана емес, сонымен бірге болашақта қымбат стационарлық емдеуге жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға да ықпал етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірі бойынша деректері де халықты медициналық сақтандырумен қамтудың маңызын растайды. Сақтандырумен қамту деңгейі төмен елдерде отбасылардың қалтасынан шығатын медициналық шығындардың ауыртпалығы халықтың 99 пайыздан астамы қамтылған елдермен салыстырғанда үш есе жиі кездеседі.
Қордың жауапкершілік шекарасы және медициналық көмектің нәтижесі
Қордың қызметіне не кіреді және қандай мәселелер оның тікелей жауапкершілігіне жатпайды деген сұрақ та маңызды.
Бүгінде біздің алдымызда медициналық қызметтердің көлеміне ғана емес, нақты нәтижесіне қарай ақы төлеу жүйесін қалыптастыру міндеті тұр. Ол үшін үш негізгі көрсеткішке назар аудару қажет:
- амбулаториялық деңгейде алдын алуға болатын аурулар бойынша стационарға жатқызу жағдайлары;
- стационардан шыққаннан кейін 30 күн ішінде қайта ауруханаға жатқызу көрсеткіші;
- келісімшарт көлемі шеңберінде созылмалы аурулары бар пациенттерді тұрақты бақылауда ұстау деңгейі.
Бұл көрсеткіштер медициналық қызметтерді сатып алу құрылымына және қаржыландыру тәсілдеріне тікелей әсер етуі тиіс.
Сонымен бірге Қор мен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдардың жауапкершілік шекарасын нақты ажырату қажет. Аурудың асқынуы немесе өлім-жітім жағдайлары денсаулық сақтау жүйесінің кең ауқымды жауапкершілігіне жатады және Денсаулық сақтау министрлігінің құзыреті шеңберінде қарастырылады.
Ал Қордың негізгі міндеттері – медициналық қызметтер үшін төлемдердің негізділігін қамтамасыз ету, қаржылық жоспарлау мен болжамның дәлдігін арттыру және сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын сақтау.
Ашықтық пен тиімділіктің бірыңғай экономикалық панелі
Жоғарыда аталған мәселелер Қордың қызметін бағалаудың жаңа тәсілін қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Қоғамға ашық әрі түсінікті есеп беру үшін Қордың экономикалық көрсеткіштер панелін құру маңызды.
Оның негізіне бес бағытты қамтитын 12 негізгі көрсеткіш алынуы мүмкін:
- Медициналық көмектің қолжетімділігі: сақтандыру пакеті шеңберіндегі мәжбүрлі жеке шығындар және сақтандыру міндеттемелерінің орындалу индексі.
- Сақтандырумен қамту: жарналық және бюджеттік түсімдердің арақатынасы, жарна төлеушілердің тиімділік коэффициенті.
- Қаржылық тұрақтылық: сақтандыру міндеттемелерін жабу коэффициенті және қаржылық беріктік көрсеткіші.
- Медициналық қызметтерді сатып алу тиімділігі: медициналық инфляция, тарифтердің тиімділігі, төлем тәсілдерінің құрылымы және бір сақтандырылған азаматқа жұмсалатын шығындардың өсуі.
- Қаржылық тәртіп пен сатып алу тиімділігі: медициналық ұйымдарға төлем жүргізу мерзімі және келісімшарттық міндеттемелердің орындалу көрсеткіштері.
Осы көрсеткіштер Қор қызметінің нәтижелерін тек қаржылық есептілік тұрғысынан емес, сақтандырылған азаматтардың мүддесі мен медициналық көмектің нақты қолжетімділігі тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді.
2035 жылға дейінгі стратегиялық мақсат – жыл сайынғы қаржылық алшақтықты жоюмен шектелмей, көпжылдық сақтандыру міндеттемелерін тиімді басқару жүйесіне көшу.
Әрине, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін сақтандыру жүйесі бүгінгіден де берік, орнықты әрі икемді болуы қажет. Қордың тиімділігі игерілген қаражат көлемімен емес, азаматтар алдындағы міндеттемелердің орындалуымен, медициналық көмектің қолжетімділігімен және қаржылық тұрақтылықпен өлшенуі тиіс.
Өйткені әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты мақсаты – қаражатты бөлу ғана емес, әрбір сақтандырылған азаматтың медициналық көмекке деген құқығын нақты қамтамасыз ету. Бұл – сақтандыру жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттырудың және оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қалыптастырудың негізгі шарты.
Сәуле ТӘЖІБАЕВА,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры