Астанадағы №108 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында ақын, журналист Мұхарбек Жәкейұлымен «Қалам мен қару: елге қызмет, жырға құрмет» тақырыбында әдеби кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, көркем сөздің құдіретін таныту, ақын шығармашылығы арқылы елжандылық пен туған жерге сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру.
Кездесу барысында оқушылар қаламгердің өмір жолы, журналистика саласындағы қызметі мен шығармашылық ізденістері туралы мағлұмат алды. Ақынның өлеңдері оқылып, шығармаларының жазылу тарихы мен туындыларына арқау болған ойлар, сезімдер және өмірлік оқиғалар жайында әңгіме өрбіді.

Мұхарбек Жәкейұлы оқушылармен еркін пікір алмасып, олардың сұрақтарына жауап берді. Әдебиет, ұлттық рух, туған жерге деген құрмет, азаматтық ұстаным және елге қызмет ету туралы тағылымды ойларын ортаға салды. Қаламгер шығармашылығының өн бойындағы шынайылық пен өмірге деген көзқарас жас оқырмандарға ерекше әсер етті.
Жылы жүздесу оқушыларға ақынмен жақынырақ танысып, әдеби әлемге бойлай түсуге, поэзияның мәні мен көркем сөздің қадірін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу соңында Мұхарбек Жәкейұлы мектеп ұжымына алғысын білдірді.