Астанадағы Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Тәуелсіздік және экология: жасыл болашаққа бағдар» жобалар байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байқау мақсаты өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, отансүйгіштік сезімін нығайту, сондай-ақ тұрақты даму бағытындағы шығармашылық, ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды қолдауға бағытталған. Байқауға Астана қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен орта білім беру ұйымдарының білім алушылары қатысып, бақ сынады.
Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу, жасыл технологияларды дамыту және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды.

- Біз «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен Тәуелсіздік құндылықтарын білім беру жүйесіне тереңінен кіріктіріп, өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды мақсат еттік. Бала табиғатты қорғауды сырттай бақылаушы ретінде емес, экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысушы ретінде сезінуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, байқау балалар мен оқушылардың зерттеушілік, шығармашылық және жобалық қабілеттерін дамытуға, ал педагогтердің авторлық бағдарламалары мен инновациялық әдістемелерін қала көлемінде таратуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып отыр. Байқауға барлығы 85 жоба ұсынылды. Қазіргі таңда білім алушылар мен педагогтер өздерінің жобаларын қазылар алқасының алдында қорғап, идеяларының өзектілігін, жаңашылдығын және практикалық маңыздылығын таныстырды. Біз үшін ұсынылған жобалардың саны ғана емес, олардың нақты өмірде қолданылу мүмкіндігі, экологиялық мәселелерді шешуге қосатын үлесі және жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудағы маңызы ерекше. Өйткені бүгінгі экологиялық бастама – ертеңгі таза әрі қауіпсіз болашақтың негізі, - деді “Балаларға қосымша білім беру оқу- әдістемелік орталығы” әдіскері Айнұр Әмірханова.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды. Аталған іс-шара балалардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға, экологиялық сауаттылығын арттыруға, туған жердің табиғатына жауапкершілікпен қарауға және еліміздің жасыл болашағын қалыптастырды көздеп отыр.
