Мемлекет тарапынан жылда денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінсе де дәрігер қабылдауына жазылу және медициналық қызметтерді жылдам әрі сапалы көрсету бойынша мәселелер әлі де кездеседі. Көпшілік азаматтар алдын ала жазылғанның өзінде кейде дәрігер кабинетінің алдында кезек күтуге тура келетініне, бейінді дәрігерлерге жетудің ұзақ процесс екендігіне шағымданады. Мұндай мәселелер Астанада халық санының қарқынды өсуінен әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде денсаулық сақтау саласына салмақ түсуімен байланыстырылады.
Алдын ала жазылған жағдайда жалпы практика дәрігерін күту орта есеппен 2–3 күн, бейінді мамандарды күту 2 күннен 1,5 айға дейін созылады. Бұл да осы мамандар жетіспеушілігімен байланысты делінеді. Расымен Астана тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – кардиолог, невропатолог, эндокринолог, офтальмолог секілді бейінді дәрігерлерге қаралу. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қалалық филиалына түсетін шағымдардың ішінде бейінді мамандардың жетіспеушілігі, дәрігер қабылдауын ұзақ күту, медициналық тексерулерге жолдама алу қиындығы, медициналық ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің сәйкессіздігі аталған. Астана қаласы әкімдігінің iKomek109 бірыңғай байланыс орталығына 2026 жылдың басынан бері 1,5 миллионнан астам өтініш түскен. Олардың топ-10 қызметі ішінде ең көбі – денсаулық сақтау саласына тиесілі. Соның ішінде де ең көбі - дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақыру, сақтандыру мәртебесі, шағым және т.б. бойынша өтініштер болған. Әлеуметтік желілерге көз жүгіртсек, бір елордалық: «Емханаға келгенмін. Дәрігерге кезек күткеніме бір сағаттан асқанда, ауырып тұрған жерім жазылып кеткендей болды. “Время лечит” деген осы ма?» деп әзіл-шыны аралас жазба қалдырса, оған қолдау білдірген бір топ: «Дәрігердің алдына барсаң ауруың қашып кетеді ғой», «Енді мың анализге жібереді, сол кезде толықтай айығып кетесіз», деп жазады.
Қандай факторлар әсер етеді?
ӘМСҚ өкілдерінің айтуынша, кейбір медициналық ұйымдарда бейінді мамандардың толық құрамы болмағандықтан, пациенттер консультация алу үшін бірнеше апта күтуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда медициналық ұйым өз мүмкіндігі шектеулі болса, пациентті келісімшарт негізінде басқа медициналық ұйымға бағыттайды. Жалпы, білуімізше, емханалардағы кезектің қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, қала халқының өсуіне байланысты медициналық қызметке сұраныс артқан. Екіншіден, дәрігерлердің жүктемесі мен мамандар тапшылығы қабылдау кестесіне ықпал етеді. Үшіншіден, маусымдық аурулардың көбеюі емханалар мен стационарларға түсетін салмақты арттырады. Мәселен, 2025 жылдың қараша айында Астанада ЖРВИ мен тұмаудың көбеюіне байланысты инфекциялық стационарларда науқастар кезегі байқалған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мұны маусымдық сырқаттанушылықтың өсуімен байланысты деп түсіндірді.
Пациенттерді қолдау бөлімі не дейді?
Астана қаласы әкімдігінің №11 қалалық емханасы Пациенттерді қолдау бөлімінің сарапшы дәрігері Қайрат Төлегеновтің айтуынша, емханаға орта есеппен ай сайын iKomek109, Е-Өтініш, «ФОНД» порталдары арқылы, сондай-ақ ауызша және жазбаша түрде 200-ден астам шағым келіп түседі. Оның шамамен 20 пайызы, яғни 40-қа жуық шағым емханадағы кезек мәселесіне қатысты. Ол пациент дәрігер қабылдауын ұзақ күткен жағдайда емхананың Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алатынын жеткізді.
-Емханамызда бейінді мамандар бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес қабылдау жүргізеді. Егер пациенттің қажетті маманға жазылуына мүмкіндік болмаса, оған басқа медициналық ұйымға жолдама беріледі. Ал шұғыл медициналық көмек қажет болса бөлім меңгерушісі пациентті кезектен тыс қабылдайды. Пациенттің денсаулық жағдайына және жүгіну мақсатына қарай медициналық көмек көрсетудің бірнеше жолы қарастырылған. Мысалы, диспансерлік есепте тұрған пациенттер кеңейтілген практикадағы мейіргерлерге жүгіне алады. Олар өз құзыреті шегінде дербес қабылдау жүргізеді, диспансерлік бақылауға қатысады, қажетті медициналық іс-шараларды жүзеге асырады және пациенттерге тағайындалған дәрілік препараттарды алуға көмектеседі. Егер пациентте ЖРВИ белгілері пайда болса, ол сүзгі кабинетіне қаралса болады. Онда пациенттің жағдайына бастапқы бағалау жүргізіліп, әрі қарайғы медициналық көмек көрсету тактикасы анықталады. Ал егер пациент жедел ауырсынумен немесе шұғыл медициналық көмекті қажет етсе медицина қызметкері оның жағдайын триаж жүйесі бойынша бағалап, медициналық көмектің шұғылдық дәрежесін анықтайды. Мұндай жағдайда көмек алдын ала жазылу фактісіне ғана емес, медициналық көрсетілімдерге сәйкес ұйымдастырылады. Сонымен қатар жүкті әйелдер мен мүгедектігі бар пациенттер үшін де арнайы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, «жасыл дәліз» ұйымдастырылып, қажет болса әлеуметтік қызметкерлердің сүйемелдеуі қамтамасыз етіледі, - дейді ол.
Өзгерістер нәтижесі неде?
ҚР ДСМ Республикалық алғашқы медициналы-санитариялық көмек орталығының директоры Олжас Ысқақовтың айтуынша, емханалардағы кезек мәселесіне қатысты салада көптеген өзгерістер енгізілуде.
-Ел бойынша 20 млн қазақстандыққа 692 емхана қызмет көрсетеді. Жалпы практикалық бір дәрігер күніне 30-40, ал бейінді дәрігер 20-25 науқасты қабылдайды. Бүгінде науқастарды жоспарлы орташа қабылдау уақыты 1-3 күнге азайды, бұрын ол 5-7 күн еді. Сонымен қатар министрлік енгізген өзгеріспен терапевтердің күн сайынғы азаматтарды қабылдау уақыты 4-тен 6 сағатқа ұзартылды. Мейіргерлік қабылдау функциялары көбейді. Мәселені шешу үшін министрлік сонымен қатар балалар бөлімшелерінің жұмысын қайтадан жандандыруды көздеп отыр. Қағазбастылықты жою үшін 12 ақпараттық жүйені біріктірдік және жалпы медицинада берілетін 15 түрлі анықтаманың 13-і электронды түріне ауыстырылды, - дейді ол. Оның айтуынша, басқа елдерде жағдай бізден төмен. Англияда жалпы практикалық дәрігердің науқасты қабылдауы орташа есеппен 14 күнге дейін созылса, бейінді мамандар 4-5 айда қарайды екен.
Денсаулық сақтау саласындағы қызметтің сапасы тек емдеу нәтижесімен емес, медициналық көмектің қаншалықты қолжетімді екенімен де өлшенеді. Себебі науқас үшін уақытылы қабылданған дәрігер кеңесі – денсаулығын сақтаудың маңызды бөлігі. Ең бастысы – тұрғындар медициналық көмекті алу үшін ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болмауы керек.
Райхан Рахметова