Халің қалай, қазақ журналистикасы?

Халің қалай, қазақ журналистикасы?
фото: udoba.org

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» депті. Тегі рас сөз! Өйткені журналист – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Төл мерекеміз қарсаңында дәстүрлі БАҚ саналатын газет-журнал, радио-телеарнаны қолдау, журналис­терді әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру, еңбегінің еленуіне байланысты сауалнама дайындаған едік.

Марат ТОҚАШБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі:

Ынтасын ояту керек

– БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында журналистердің әлеуметтік жағдайы, тұрмысы жөнінде мәселелер көтеріліп қалады. Әлемдік деңгеймен салыстыр­ғанда біз кейін қалудамыз. Дүние жүзінде «Вашингтон пост» – 600 мың, «Нью-Йорк таймс» 1 млн таралыммен тарайды. Жапонияда, Түркияда да миллионнан астам таралыммен тарайтын алпауыт басылымдар бар. Интернет дамыса да, газет-журнал оқу мәде­ниеті сақталып отыр. Саяси науқандар қарсаңында, күнделікті жағдайларда да журналистер бар қажыр-қайратын беріп, мемлеке­тімізге қолғабыс жасап келеді. Күн-түн демей еңбек етеді. Осындай жағдайларды ескере келе, Үкімет тарапынан журналистерді әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыратын арнайы жаңа бағдарлама қабылдаса екен. Баспанамен қамтып, балаларын балабақшаға орналастырып, көптеген қордаланған проблемалары шешілсе дейміз. АҚШ-та журналистер ай сайын 3-4 мың доллар айлық-жалақы алса, Қазақстанда журналис­тердің айлығы 300-500 доллар шамасында. Қазір газет-журналдарда қаламақы төлемейді. Қомақты қаламақы шығармашылық бәсекені арттырып, білікті авторларды кеңінен тартуға мүмкіндік туғызар еді. Журналис­тердің кәсіби шеберлігін шыңдап, жазуға ынтасын ояту үшін аудандық, облыстық, қалалық, республикалық газеттердің айлық-жалақысын өсіріп, қалам­ақыны көбейтіп, әр мемлекеттік мейрамда сыйақы беріліп тұрса деген тілегіміз бар. Одан мемлекет кедей боп қалмайды. Сондай-ақ шет тілін білетін журналис­тер бағалануы керек. Жағдайы жақсарған тілшілердің контенті кеңейіп, әлемдегі ақпараттарды талдап-жіктеп жазу стилі байиды.

Қайнар ОЛЖАЙ, ТМД Журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты:

Мемлекеттіліктің тірегі

– Мемлекет мемлекет боламын десе, өзінің ақпарат құралдарын қолдауы керек. Егер билікке мемлекеттілік керегі жоқ болса, онда ақпарат құралдарын қолдаудың қажеті жоқ. Бір тарихи оқиғаны айтайын. 1993 жылы болса керек, қазақ журналистикасының ­мэтрі, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза бас редактор, мен тілші едім. Бірде Үкімет жиынына бардық. Үкімет басшысы Сергей Терещенко басқосуды жүргізіп отырды. Сөйтіп «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері жекешеленетінін айтты. Сонда айбынды Шерағаң орнынан атып тұрып: «Әй, Үкімет, газет – сенің тілің, сонда Үкімет өз тілін өзі кеспек пе?!» деп қадау сөз айтты. Сондықтан нарық, интернет заманында Үкімет өз тілін өзі қорғау керек. Сонда ғана қоғам жанданып, күрделенген түйткілдердің шешілуіне септеседі. Өзі жарымай жүрген журналист қалай жетістікті айта алсын?! Ол ақылға сыймайды ғой!

Асхат САДЫРБАЙ, медиасарапшы, тележурналист:

Әлеуеті қалай артады?

– Кейінгі кездері журналистердің жағдайына көңіл бөліне бастады. Әлеуметтік тұрмысын жақсарту бойынша бірқатар жұмыс жүргізілді. Әйткенмен дәстүрлі БАҚ – газет-журнал, радио-телеарнаның жағ­дайы алаңдатады. Сондағы журналистердің айлық-жалақысы қазіргі нарық талабына сай келмей тұр. Әсіресе баспасөз бағытындағы тілшілердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартқан абзал. АҚШ, Еуропа елдерінде, Түркия­да газет-журнал оқу мәдениеті жоғары. Бәлкім, ақпаратты цифрлық журналистика арқылы жедел беріп, газет-журналда сүйекті, өзекті талдамалық-сараптамалық материалдар, репортаждар, сүбелі сұхбаттар жариялау керек шығар. Кезінде сары басылымдарға жол бермей, ел-жұртқа құнды дүниелер қалыптастыру керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес, баспасөз, радио-­телеарналарды қолдап, тілшілерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағда­йын жақсартсақ, отандық журналистика өркендейді деп сенеміз. Сондай-ақ журналис­тердің мәртебесі әлі күнге айқындалмай, аяқсыз қалды. Кей журналистер баспанаға қол жеткізе алмай, қай санатқа жататынын дә­йектей алмай жүр. Өркениетті елдерде Журна­листер одағы журналистерге қатысты мәселелермен шұғылданып, шешіп отырады. Сондықтан басқа мамандықтар сияқты БАҚ қызметкерін әлеумет-тұрмыс тұрғысынан қамтамасыз ету қажет. Журналист мемлекеттен әлеуметтік көмек күтпейтін күйге жетсе екен. БАҚ басшылығына мықты менеджерлер тартылып, заман талабына сай қаржы табу көзін ойластырған абзал деп санаймын.