Түркияның Анталия қаласында өткен «Dance with your soul!» халықаралық байқауында елордалық биші ата-әжелер жеңімпаз атанды.
Оған Астана қаласы Нұра ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының хореография ансамбльдері қатысты. Іс-шарада Түркия, Грузия, Ресей және Қазақстаннан келген ұжымдар жалпы 115 конкурс нөмірін ұсынды. Қазақстанды жоғары деңгейде «Қыздар-ай» халық ансамблі мен «Аңыз» хореография ансамблі таныстырды. Астаналық бишілер жарқын өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша «Сезім әуені» биі үшін «Аңыз» хореография ансамблі бас жүлде иегері атанды және «Кең дала» ұлттық биін билеген «Қыздар-ай» халық ансамбліне ешкім тең келмеді. Сондай-ақ «Жан симфониясы» классикалық биі үшін «Қыздар-ай» халық ансамблі тағы бір гран-при иеленсе, «Шаттық би» заманауи биі үшін I орынға ие болды. Айта кететін нәрсе, би ұжымдары «45+ сеньорлар» санатында өнер көрсетті. «Қыздар-ай» мен «Аңыз» хореография ұжымдарына білікті маман Ирина Смағұлова жетекшілік етеді.