Шері мен Сері

Шері мен Сері
фото: Шүкір Шахай

(Шерағаң мен Сейдағаң)

Бiр заманда Шерағаң мен Сейдағаң туралы аңызға бергiсiз әңгiмелер үнемi айтылатын. Бұлардың екеуi де «Лениншiл жас» газетiн бiрiнен соң бiрi басқарып, халықтық басылымға айналдырған, жалпыға бiрдей мойындалған майталман бас редакторлар едi. Қай жағынан да үлгiлi. Келбеттерi келiстi. Қаламдары қарымды. Шығармашылығы шұрайлы. Батылдықтары дау тудырмайды. Ең бас­тысы, жүйрiктердiң жүйрiгiнiң өзi малтығып қалатын газет шығару өнерiн жетiк меңгерген. Қазақтың маңдайына бiткен осы екi редактордың арқасында «Лениншiл жас» ұзақ жыл бойы ұлттың рухани құндылықтарын түгелдейтiн алтын қазына саналды. Басылым бетiнде қазақ қаламгерлерiнiң шеберлiгiн шыңдайтын шығармашылық мектеп қалып­тасты. Бүгiнгi әдебиетiмiздiң дiңгегiн бiр кезде осы газеттiң отымен кiрiп, күлiмен шыққандар нық ұстап тұр.

Қос саңлақ қай кезде де өзара тiлеулес болды. Екеумiздiң қайсысымыз мықтымыз деп бақ-несiбе жарыстыра қоймаған сияқты. Қайта жастар газетiнiң берекелi дәуiрi осы екеуiнiң есiмiмен байланысты болған соң, олар бiр-бiрiн толықтырып тұрған секiлдi көрiнедi бiзге.

Сейдахмет Бердiқұловтың Шерхан Мұртаза туралы «Кайнозой аршылып жатыр» деген деректi әңгiмесi бар. Сол жазбасында ол: «1958 жылы көне Мысыр соғыстың көк түтiнiне қақалды. Суэц шатағы. Әр үйдiң динамигiнен «Мұсылман жұрты көтерiл. Араб елiнiң еңсесiн басқысы келген империализм зұлымдарына бiрге аттанайық!» деген ұран бой тiтiретедi. Сол бiр күндерi ойланбастан жарты бет қағазға отты өтiнiш жазып, военкоматқа апарып берген күндер-ай. «Кiшi лейтенат Бердiқұлов, кiшi лейтенант Мұртазаев жолдастар, патриоттық ­инициативаларыңызға рахмет. Қажет деп тапсақ, ерiктiлер тобына алғашқылардың бiрi етiп жазамыз. Военком Авилов» деген хат тiлдей қағаздардың арасында қазiр де бар болса керек», – деп толғанады.

Бiр кезде екеуi жастар басы­лымында қатар қызмет iстептi. Жастары да шамалас. Алматының жайма базарын қынама қара белдiк жайлаған елуiншi жылдарда рейдке бiрге шыққан. Осындай бiрлескен шаралардан талай рет ұжымдық мақалалар жазған. Бiр-бiрiн қалжыңмен қажап, көңiлденгенде «Арыстанхан», ­«Бердикулидзе» деп өзара тiл қатысқан. Сол кездегi әрiптес-досқа деген көңiлiн Сейдағаң былайша өрнек­тейдi: «Шерхандар жазудың «ақ бурасы ойнағанда» сағат алтыдан соң қалып, түннiң бiр уағында редактордың ескi диванына құлай кетер едi». Ол Шерхан Мұртазаның тыным алмайтын жанкештiлiгiн («Найзаның сағағына ұйықтаған баяғының батырларына теңеп жiберсек, одан Мұртазаев бөсiп те кетпейдi, ақтарыла түсiп, ақ қайнардың тығынын атуы да кәдiк»), газеттiң жұмысына әбден берiлгендiгiн («Толықсыған жас келiншектi, сарышақа балаларды айлап Алматыға тастап, кепканы баса киiп, керзi етiкпен ойдым-ойдым ақ жем түскенше Есiлдiң арғы жағы, бергi жағы, барар тұс Қостанай ма, Торғай ма екен деген күндерiне қос ат алып қуса да Шерағаң жете алмас: иә, жеткiзбей кеткен жемiстi шақ») бейнелi тiлмен баян­дап, сұлу сөзбен сурет салады. Шынында да, қос саңлақтың сыйлас­тығы жұрт қызығатындай еді...

***

(Шерағаң мен Сейдағаңның әріптестерімен әңгімелесіп тұрған суретін түсірген – Шүкір Шахай)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ