Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сектордың болашағына қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Әсіресе, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және су ресурстарын тиімді басқару мәселелеріне басымдық берілді.
Бүгінде агроөнеркәсіп кешеніндегі өнім көлемі 15 трлн теңгеге жетті. Бұл – саланың экономикалық әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткіш. Алайда алдағы міндет тек өндіріс көлемін ұлғайту емес, ауыл шаруашылығын жаңа технологиялық деңгейге көтеру.
Осы бағытта Президент азық-түлік өнеркәсібіндегі жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын перспективалы жобаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына енгізу, отандық техниканың өндірісін кеңейту және өнімді сақтау мен өткізу инфрақұрылымын жетілдіру міндеттері қойылды.
Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – су қауіпсіздігі. Мемлекет басшысы су ресурстарын есепке алуды цифрландыруға, су ысырабын қысқартуға және суармалы егіншілікте озық технологияларды пайдалануға ерекше тоқталды. Мұндай шаралар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына ғана емес, табиғи ресурстарды сақтауға да тікелей әсер етеді.
Аталған бастамалар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға негіз болады.
Ендігі басты міндет – Жолдауда айқындалған бағыттарды нақты нәтижеге айналдыру. Бұл ретте аграрлық саланы қолдау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді басқару мәселелеріне қатысты заңнамалық жұмыстарға ерекше назар аударамыз.
Дәурен Маралов,
Құрылтай депутаты