Жерді қазып, топырақты заңсыз тасығандар дронның көмегімен анықталды

Жерді қазып, топырақты заңсыз тасығандар дронның көмегімен анықталды
фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Елордада топырақты заңсыз қазып алу және тасымалдау, сондай-ақ абаттандыру қағидалары мен табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері дронның көмегімен жүргізілген әуе мониторингі барысында Төле би көшесі бойында топырақты заңсыз қазып, тасымалдау фактісін анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бақылау кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тану жүйесі арқылы заңсыз жұмыстарға тартылған үш жүк көлігі мен экскаватор-тиегіш анықталды. Аталған дерек бойынша тиісті материалдар жиналып, Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына жолданды.

Астана қаласының Полиция департаменті топырақты заңсыз өндіру мен тасымалдау қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретінін және қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу болып саналатынын еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылған.
Полиция азаматтарды экологиялық құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға және осындай фактілерге куә болған жағдайда «102» арнасына дереу хабарлауға шақырады.