Кураштан XV әлем чемпионаты басталды

Кураштан XV әлем чемпионаты басталды
фото: Қалиакбар Үсемханұлы

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында кураштан(күрес) XV әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға әлемнің 70-тен астам елінен 500-ге жуық спортшы қатысуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Салтанатты іс- шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Халықаралық кураш қауымдастығының вице-президенті Зиёвиддин Ходжиниязов және Қазақстандық кураш қауымдастығының президенті Андрей Боргенс қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бүгінгі чемпионат кураштың халықаралық деңгейде дамуына, әлемге кеңінен танылуына және елдер арасындағы спорттық ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосады. Әлемнің 70-тен астам елінен үздік балуандардың қатысуы чемпионаттың жоғары халықаралық мәртебесін айқындайды» деді Руслан Бақыттыұлы.

-Қауымдастығымыздың тарихында алғаш рет біз 71 елдің тіркелуі арқылы бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткіздік. Жарыста әлемнің бес құрлығынан келген спортшылар бір жерге жиналды. Бұл керемет жетістік. Сондай-ақ бұл Кураштың халықаралық ұлттық деңгейде барған сайын мойындалып, Федерацияларымыздың адал еңбегінің және спортымыздың болашағына сенетін әрбір адамның бірлескен күш-жігерінің айқын дәлелі. Осы маңызды әлемдік іс-шараны өткізудегі қолдауы, қонақжайлылығы мен жауапкершілігі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Ұлттық олимпиада комитетіне және спорт саласы өкілдеріне, сондай-ақ Қазақстан Кураш қауымдастығына шын жүректен алғысымды білдіремін,- деді Халықаралық кураш қауымдастығының вице-президенті Зиёвиддин Ходжиниязов. 

Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған әлем чемпионатына қатысушы елдердің саны кураш тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Бозкілемдегі бәсеке 16 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Додаға әлем және Азия чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпаздары мен халықаралық жарыстарда топ жарған үздік балуандар жиналған.

Жарыстың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ. Чемпионат ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Sport Qory» спортты қолдау қоры және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ