Астанада «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан балалар, жасөспірімдер мен юниорлар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Өткен демалыс күндеріне жоспарланған жарысқа еліміздің үздік жас шабандоздары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Екі күнге созылған жарыста еліміздің өңірлерінен келген шабандоздар 3 санат бойынша бақ сынады: «Балалар» 100-110 см (12-14 жас), «Жасөспірімдер» 110-120 см (15-18 жас) және «Юниорлар» 120-130 см (16-21 жас).
Жарыстың бас төрешісі – Ирина Кнорр (МК1*). Гранд-төрешілер алқасының құрамында Валерий Стародубов пен Алуа Ишеева бар. Ал маршруттарды әзірлеуге курс-дизайнер Тамила Ерқанат жауапты.
Спортты дамыту дирекциясының конкурдан ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Азамат Хасеновтің айтуынша, бұл чемпионат жас спортшылар үшін жылдың негізгі іріктеу кезеңі. Жарыстың басты мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес, сонымен қатар ұлттық құраманың болашақ резервін қалыптастыру.
«Бұл чемпионат – жылдың басты іріктеуі. Біздің мақсатымыз – тек жеңімпазды анықтау емес, болашақ ұлттық құраманың резервін көру. 100-ден 130 см-ге дейінгі күрделі маршруттарды курс-дизайнер Тамила Ерқанат дайындады, бұл балалар үшін нағыз сынақ болады. Осы жарыста өздерін көрсеткен жастар ертең үлкен ареналарға шығады», – деді Азамат Хасенов.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша әр жас санатындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
«Балалар» санаты:
1-орын – Амина Есей (Cherry)
2-орын – Аделина Кошумбаева (Альхатал)
3-орын – Ғазиза Әбілдинова (Спектор-Сайгон)
«Жасөспірімдер» санаты:
1-орын – Хадия Советхан (Тасқара)
2-орын – Малика Серік (Победа)
3-орын – Эстелла Бабаян (Таймаз)
«Юниорлар» санаты:
1-орын – Бекжан Байжанұлы (King Diamond)
2-орын – Ислам Исламов (Несме)
3-орын – Софи Кожевникова (Hiana Blue)
Айта кетейік, чемпионаттың негізгі мақсаты – ат спортын дамыту, ұлттық құрама мүшелерінің шеберлігін арттыру және болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтау.