Еліміздің дамуы мен ертеңгі келешегі білімді, білікті әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жас мамандарға үлкен мүмкіндік беріліп, олардың әлеуетін мемлекеттік қызметте тиімді іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соның айқын дәлелі – жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу құқығының берілуі.
Мен де осы мүмкіндіктің игілігін көрген жас мамандардың бірімін. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында білім ала жүріп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының белсенді қатысушысы ретінде жастарға берілген осы мүмкіндік жайлы білдім.
Оқу орнын жоғары көрсеткішпен аяқтап, GPA 3,33-тен жоғары нәтиже көрсеткенімнің арқасында мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызмет жолын бастау құқығын алдым.
Осылайша Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатына жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған, GPA көрсеткіші жоғары түлектер бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.
Атап айтқанда, олар облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімі және мәслихат аппараттарының төменгі лауазымдарына, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы мен облыстық маңызы бар қала атқарушы органдарының төменгі лауазымдарына, сондай-ақ ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараттары мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі басшылық емес лауазымдарға тағайындала алады.
Мемлекеттік қызметке келу – үлкен жауапкершілік. Бұл салада әрбір шешім, әрбір іс-әрекет халықтың сенімімен, елдің мүддесімен тікелей байланысты. Сондықтан жас маман ретінде маған артылған сенімді ақтау, кәсіби білімімді елге қызмет етуге бағыттау – басты мақсатым.
Жастарға беріліп отырған мұндай мүмкіндік мемлекеттік қызметтің ашықтығын, меритократия қағидатының дамуын және білімді кадрларға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, бұл – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Өйткені білімді жас – жаңашылдықтың, адал еңбектің және сапалы мемлекеттік басқарудың негізі.
Мен үшін мемлекеттік қызмет – тек жұмыс орны емес, елге қызмет етудің, қоғамға пайдалы болудың маңызды алаңы. Сондықтан берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз үлесімді қосу – азаматтық әрі кәсіби борышым деп санаймын.
Жүсіпәлі Сламқұл,
Сарыағаш аудандық мәслихатының бас маманы