Триатлоннан өтетін Азия кубогының кезеңіне әлемнің 20 елінен спортшылар қатысады

Триатлоннан өтетін Азия кубогының кезеңіне әлемнің 20 елінен спортшылар қатысады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Триатлон паркінде 20-21 маусым күндері Asia Triathlon Cup Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді. Ауқымды жарысқа әлемнің үздік триатлоншылары мен Қазақстанның әр өңірінен келген спорт әуесқойлары қатысады,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазіргі уақытта жарысқа әлемнің 20 елінен 270-тен астам спортшы тіркелген. Қатысушыларды тіркеу әлі де жалғасып жатыр.

Байрақты бәсекеде Қазақстан, Әзербайжан, Австрия, Бангладеш, Бруней, Гуам, Индонезия, Иран, Жапония, Ливан, Люксембург, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Палестина, Ресей, Словакия, Түркия, Өзбекстан, Финляндия және Чехия елдерінің өкілдері бақ сынайды.

Халықаралық турнир Elite, Junior, Age Group және паратриатлон санаттары бойынша өтеді.

20 маусымда Elite санатындағы спортшылар спринттік қашықтықта жарысады. Олар 750 метрге жүзіп, 20 шақырым веложарысқа қатысып, 5 шақырым қашықтыққа жүгіреді.

21 маусымда Junior санатындағы спортшылар бақ сынайды. Жасөспірімдер де дәл осы спринттік қашықтық бойынша жарысады.

Сол күні Age Group санатындағы әуесқой спортшылар арасында да жарыстар өтеді. Қазіргі уақытта бұл санатқа шамамен 200 қатысушы тіркелген. Олар 1,5 шақырым жүзу, 40 шақырым веложарыс және 10 шақырым жүгіруден тұратын олимпиадалық қашықтықты еңсеруі тиіс.

Age Group санатында ерлер мен әйелдер 18-24, 25-29, 30-34, 35-39, 40-44, 45-49, 50-54, 55-59, 60-64 және 65 жастан жоғары жас топтары бойынша жарысады.
Asia Triathlon Cup Astana 2026 турнирін Қазақстан триатлон федерациясы World Triathlon және Asia Triathlon халықаралық ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырады.

Жобаға ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

Жарыстың төрешілер құрамына техникалық делегат, оның көмекшісі, бас төреші және жарыстың халықаралық стандарттарға сай өтуін қамтамасыз ететін 20-дан астам төреші мен ассистент кіреді.

Астанада Азия кубогы кезеңін өткізу отандық триатлонды дамытуға, оны халықаралық олимпиадалық жүйеге кіріктіруге, төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін халықаралық талаптарға сәйкестендіруге, сондай-ақ Қазақстан құрамасының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.