Суды үнемдеу - игі іс

Суды үнемдеу - игі іс
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласы әкімдігінің С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде «Суды үнемде – болашақты сақта!» бастамасы аясында «Су ізі, әр адамның жауапты таңдауы» атты ауқымды экологиялық сағат ұйымдастырылды. Іс-шара мектеп бойынша білім беру маршруты және оқушылармен ашық диалог форматында өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақ бойында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, балалар мен жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ оқушылардың мемлекеттік сектор өкілдерімен және халықаралық қоғамдастықпен тікелей пікір алмасуына алаң құру. Экологиялық сағат «білім – зерттеу – әрекет – диалог» қағидасы негізінде құрылып, тек ірі инфрақұрылымдық шешімдер емес, әрбір адамның күнделікті әдеті мен жеке жауапкершілігі маңызды екенін көрсетті.

С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің директоры Төлеу Гүлжан модераторлық жасады. Іс-шараға Швейцарияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристин Хонеггер,   Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Салимов Жандос және т.б. қатысты. Сонымен қатар, Швейцария Елшісі Кристин Хонеггердің «Су ізтаңбасы, жауапты тұтыну, экологиялық мәдениет» тақырыбындағы баяндамасы және Швейцария тәжірибесімен бөлісті.  Оқушылардың құрметті қонақтарға су үнемдеу, экология және жастардың бастамалары туралы сұрақтары мен өзекті ойларды ортаға салды. Сондай-ақ, С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің директоры Төлеу Гүлжан ой білдірді.

–  Мектебімізде маңызды экологиялық кездесудің ұйымдастырылғаны – біз үшін үлкен мәртебе. «Су ізі: әр адамның жауапты таңдауы» тақырыбындағы экологиялық сағат өтті. Іс-шара аясында біз су ресурстарын тиімді пайдалану, суды үнемдеудің заманауи тәсілдері және табиғат алдындағы ортақ жауапкершілігіміз туралы ой бөлістік. Суды үнемдеу өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалған игі істердің бірі болып саналады, – деді мектеп директоры.