Қоғам тыныштығын күзету – зор жауапкершілік пен биік тәртіпті талап ететін мамандық. Осындай абыройлы қызметті жүрек қалауымен таңдаған жандардың бірі – Астана қаласы Полиция департаменті Уақытша ұстау изоляторының полицейі, полиция аға сержанты Бекарыс Ырымбек.
Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген ол бала кезінен еңбекқорлық пен тәртіпті серік етіп өсті. Мектепті тәмамдаған соң, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп, елге адал қызмет етудің маңызын терең түсінеді. Осылайша ол өмірін ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолына арнауға шешім қабылдайды.
Бекарыс ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 2022 жылы бастаған. Қызмет барысында Бекарыс өзін жауапкершілігі жоғары, тапсырылған істі тиянақты орындайтын кәсіби маман ретінде көрсете білді. Әріптестері оны тәртіпке берік, өз ісіне адал және кез келген жағдайда сабыр сақтай білетін азамат ретінде сипаттайды.
Бекарыстың өмірі тек қызметпен ғана шектелмейді. Ол – өнер мен спортты қатар алып жүрген жан-жақты маман. Бала кезінен ән айтуға әуес болған жас жігіт бүгінде Астана қаласы Полиция департаментінің 2024 жылы құрылған «ALAI» шығармашылық тобының белді мүшесі.
«ALAI» тобының алғашқы туындысы – «Отанға қызмет» әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленсе, «Есте» атты шығармасы «Капитан Байтасов» көркем фильмінің саундтрегі ретінде кеңінен танылды. Бекарыс осы туындылардың орындалуына белсене қатысып, өнердегі қырын да айқын танытып жүр.
Өнермен қатар, спортты да серік еткен тәртіп сақшысы самбо күресінен Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған. Сонымен бірге қоян- қолтық ұрыс және футболмен тұрақты түрде айналысады. Оның пікірінше, полиция қызметкері үшін жақсы дене дайындығы, тәртіп пен төзімділік – күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі.
Бекарыс Ырымбек қызметте – тәртіптің, спортта – табандылықтың, өнерде шығармашылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Сахна мен сапты қатар ұстаған тәртіп сақшысы елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін танытып, полиция қызметкерінің жан-жақты бола алатынын дәлелдеп жүр.