Рейстер саны артты

Рейстер саны артты

2026 жылдың басынан бері Астана халықаралық әуежайы 3 399 272 жолау­шыға қызмет көрсетіп, 27 540 рейстің орындалуын қамтамасыз етті.

Астана халықаралық әуе­жайы баспасөз қызметінің мәліметінше, мекемеде жаңа әуе бағыттарын ашу, халық­аралық әуе қатынасын дамыту және отандық әрі шетелдік әуе тасымалдаушылармен ынтымақтастықты кеңейту есебінен жолаушылар ағыны мен рейстер саны алдағы уақытта да артады деп көзделіп отыр.

2026 жылы Астана халық­аралық әуежайының маршруттық желісі жаңа халықаралық бағыттармен толықты. Ларнака (Кипр), Ұланбатыр (Моңғолия), Гуанчжоу (Қытай), Ереван (Армения) және Даламан (Түркия) бағыттарының ашылуы нәтижесінде халықаралық бағыттар саны 42-ден 47-ге дейін өсті.

Сонымен қатар жолаушыларға Қазақстан бойынша 18 ішкі бағыт қолжетімді. 2026 жылдың маусым айынан бастап Астана – Қызылорда бағыты бойынша рейстер жиілігі артты: бұрын аптасына 30 рейс орындалса, қазір олардың саны 33-ке жетті.

12 маусымнан бастап Астана – Шымкент бағыты бойынша да рейстер жиілігі ұлғайтылды. Аптасына қосымша 3 рейс енгізіліп, екі қала арасындағы жалпы рейстер саны 60-тан 63-ке дейін артты. Сондай-ақ Астана – Алматы бағыты бойынша рейстер саны көбейді: енді аптасына 195 рейс орындалады, бұл бұрынғы кес­темен салыстырғанда 5 рейске артық. Осылайша, мау­сым айы­нан бастап Астана халықаралық әуежайынан орындалатын ішкі тұрақты рейстер саны 30%-ға өсіп, аптасына 752 рейс­тен 984 рейске дейін жетті.

Жазғы маусымда Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттары бойынша әуе қатынасы қайта жанданды. Бұл ел ішіндегі сапар мүмкіндіктерін кеңейтіп, ішкі туризмнің дамуына серпін береді. Рейстер жиілігінің артуы жолаушыларға сапарларын икемді жоспарлауға мүмкіндік беріп, өңірлердің көлік қолжетімділігін арттырады.

Астана халықаралық әуе­жайы ұшу географиясын кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету деңгейін арттыру бағытындағы жұмыс жалғасады.

Жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар қызмет сапасын арттыру, клиенттік сервисті жетілдіру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізіліп жатыр.

Маңызды бағыттың бірі – Т2 терминалын жаңғырту. Жоба аясында терминалдың ішкі кеңістіктерін жаңарту, жолаушылар инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет көрсету аймақтарының өткізу қабілетін арттыру және жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, халықаралық стандарттарға сай қолайлы жағдайлар жасау көзделген.

Биыл мамыр айында аэродромда жоспарлы жөндеу-қалпына келтіру жұмысының кезекті кезеңі аяқталды.