Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында классикалық музыка кеші өтті. Театрдың симфониялық оркестріне бас дирижёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Бейсембаев жетекшілік етті. Кештің солисті — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Нұрлан Измаилов.

Кеште Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әнінің тақырыбына жазылған симфониялық фантазия, Николай Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсының увертюрасы және Сергей Рахманиновтың фортепиано мен оркестрге арналған №3 концерті орындалды. Симфониялық фантазия Ренат Салаватовтың өңдеуінде, Ерлан Бейсембаевтың редакциясында ұсынылды. Үш шығарма да театр сахнасында алғаш рет орындалды.
Ерлан Бейсембаевтың айтуынша, бұл бағдарлама бірнеше ай бойы дайындалды. Әр шығарманың орындау техникасы мен интерпретациясына көп көңіл бөлінді. Соның ішінде Рахманиновтың «үшінші концертіндегі» кез келген оркестрлік эпизод музыкалық ойға соншалықты бай екеніне ерекше назар аударылды.
Осы Рахманиновтың «үшінші концерті» Нұрлан Измаилов үшін ерекше шығарма. Ол бұл туындыны Мәскеу консерваториясындағы бітіру емтиханында ойнады. Бірақ ұзақ уақыт бойы оркестрмен қосылып орындаудың сәті түспеді. Мұндай мүмкіндік алғаш рет 2018 жылы туды. Сол жылы бұл концертті филармонияда орындаған.
Көрермендердің қошеметіне бөленген Нұрлан Измаилов Сергей Рахманиновтың «Этюд-картинасын» да орындады. Театрдың симфониялық оркестрінің орындауындағы Николай Римский-Корсаковтың екпінді «Араның ұшуы» шығармасы мазмұнды музыкалық кештің жарқын түйіні болды.