Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қала сыртындағы лагерьлерге, экскурсияларға, спорттық және мәдени іс-шараларға бару сапарларының саны артады. Осыған байланысты Астана қаласының полиция департаменті кәмелетке толмағандарды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Сапарды ұйымдастырушылар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автобустар колоннасын алып жүруді ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау үшін жоспарланған жол жүру туралы алдын ала хабарлауы қажет.
Сонымен қатар полицейлер ата-аналарға да үндеу жасайды. Қала ішінде жеңіл автокөлікпен күнделікті қатынау кезінде де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін балаларға арналған арнайы ұстап тұру құрылғыларын және қауіпсіздік белдіктерін пайдалану, жылдамдық режимін сақтау және Жол қозғалысы қағидаларының талаптарын бұлжытпай орындау қажет.
Полиция ересектерді баланың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен жүргізушілер мен бірге жүруші тұлғалардың жауапкершілігіне байланысты екенін есте сақтауға шақырады.