«Ойын-сауық сауда орталықтарындағы Заң түні» әлеуметтік акциясы өтті

«Ойын-сауық сауда орталықтарындағы Заң түні» әлеуметтік акциясы өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Ойын-сауық сауда орталықтарындағы Заң түні» атты әлеуметтік акция өтті. Іс-шара елорда тұрғындары мен қонақтарына құқықтық көмек көрсетіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акция «Jibek Joly» сауда ойын сауық орталығында ұйымдастырылды. Астана қаласы прокуратурасының, мемлекеттік органдардың және уәкілетті мекемелердің өкілдері қатысып, тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес берді.

Іс-шара барысында азаматтар тұрғын үй қатынастары, еңбек даулары, әлеуметтік қамсыздандыру, отбасы құқығы, алимент өндіру, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа да құқықтық мәселелер бойынша өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Мамандар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, құқықтық мәселелерді заң аясында шешудің жолдарын көрсетті.

- Бүгінгі шараның халыққа берер пайдасы зор. Қазіргі таңда тұрғындардың барлығы бірдей құқықтық ақпаратқа және қажетті кеңеске қол жеткізе бермейді. Сондықтан мұндай акциялар азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруға ықпал етеді. Халыққа тегін құқықтық көмек көрсету - маңызды бастама, - деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Берікжан Сейдалиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты - халыққа қолжетімді әрі тегін құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және заң талаптарын кеңінен түсіндіру. Мұндай кездесулер тұрғындарға кәсіби заңгерлерден кеңес алып, өз құқықтары мен міндеттері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Тұрғындар кезек-кезегімен мамандарға жүгініп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды. Акция аясында азаматтарға заңнама талаптары түсіндіріліп, құқықтық мәселелерді шешудің жолдары бойынша ұсыныстар берілді.

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті