«Менің елордам – Астана» көшпелі музей сабағы өткізілді

«Менің елордам – Астана» көшпелі музей сабағы өткізілді
фото: ҚР Президенттік орталығы

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының қызметкерлері №1 «Бәйтерек» балабақшасының мектеп алды тобының тәрбиеленушілеріне арнап «Менің елордам – Астана» атты көшпелі музей сабағын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана күні қарсаңында өткізілген интерактивті сабақ бүлдіршіндерге уақыт пен кеңістік бойынша ауқымды саяхат жасауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мультимедиялық презентацияның көмегімен балаларға туған өлкенің ғасырлар бойы қалай өзгергенін айтып берді. Бүлдіршіндер бұл жердегі ежелгі қоныстар, көшпелі тайпалар, Ақмола қорғанының салынуы, сондай-ақ Ақмолинск, Целиноград және Ақмола тарихының белестері туралы білді. Тарихи бағыт 1997 жылмен аяқталды. Бұл кезде қала елорда мәртебесін алып, оның қарқынды даму кезеңі басталған еді. Сабақтың екінші бөлімінде балалар «Елорда білгірлері» ойыны арқылы білімдерін бекітіп, Президенттік орталық қызметкерлерінің тікелей балабақшаға ала келген бірегей жәдігерлерімен танысты.

Мектеп жасына дейінгі балалар қаланың басты нышандарының дәлме-дәл кішірейтілген макеттерін егжей-тегжейлі қарап шықты. Теориялық бөлім «Біздің Астана» атты ұжымдық шығармашылық жұмысқа ұласты. Бірнеше минутқа балалар жас сәулетшілер мен урбанистерге айналды. Қала көшелері сызылған ақ қағаздарды, желім мен түрлі мүсіншелерді алған бүлдіршіндер жаңа ауданды жаяу жүргіншілермен, көліктермен, жасыл ағаштармен және құстармен «қоныстандырып», қағаз көшелерге жан бітірді.

Сабақ соңында балалар өз әсерлерімен бөлісіп, қала дамуының негізгі кезеңдерін еске түсірді және өз Отанын қорғауға уәде берді.

«Астана тарихы өте ертеден басталады. Бүгінде бұл – Отанымыздың жүрегі, бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын қала және бұл – сіздердің қалаларыңыз. Өскен кезде оны бұдан да ажарлы ете түсесіздер. Өз еліңізді, оның тарихын және оның ғажайып елордасын сүйіңіздер», – деді жас тыңдаушыларға дәріскер Назира Мусина.