Елордадағы Qazaq Creative Hub орталығында өтетін кезекті креатив көрмені бұл жолы Маңғыстау өңірі ұйымдастырды. «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» деп аталған көрме-жәрмеңке киелі өлкенің бай мәдениеті мен терең тарихын заманауи креативпен ұштастыруымен ерекшеленді. Каспий жағалауынан келген шеберлер, дизайнерлер мен суретшілердің туындылары, сән көрсетілімдері, воркшоптар мен бірегей бұйымдар Астананың мәдени өміріне жаңа серпін беріп, көрмеге келушілер Маңғыстаудың ерекше атмосферасын сезіне алды.

Маңғыстау өлкесі әрдайым қайталанбас қолөнерімен, зергерлік мектебімен және күйшілік дәстүрімен ерекшеленеді. Сол өнер Qazaq Creative Hub кеңістігінде заманауи форматта ұсынылып, облыстағы креативті индустрияның 40 өкілі 1800-ден астам авторлық өнім мен шығармашылық жобасын таныстырды. Ал жалпы іс-шараға өңірден 150-ге жуық адам келген. Олар өңірдің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін танытатын сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік киім топтамаларын және авторлық жобаларын көпшілікке ұсынды.

- Қазір облыста 200-ден астам креатор арнайы платформаға тіркеліп, өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі көрмеде Маңғыстаудың ерекшелігін таныту үшін алты тақырыптық аймақ әзірледік. Әрқайсысының өз атауы мен идеясы бар,-деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.

Алғашқы күні «Түп төркінің төрге оздырған Маңғыстау» көрмесі өтіп, «Ақшағыл» ансамблі өнер көрсетті. Мәдени бағдарлама «Дүние дидарындағы дәстүр» сән көрсетілімімен, «Менің әлемім» музыкалық-поэзиялық қойылымымен жалғасты. Сондай-ақ осы өңірден шыққан танымал әнші Тамара Асар ән шырқап, «Жорға» би ансамблінің өнерпаздары би биледі. Тақырыптық шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.

-Баяғы аналарымыздың қолынан шыққан қолөнер жәдігерлері, алаша, алатеру, киіз, сырмақ, тоқыма, Маңғыстаудың төл зергерлік өнері, соның ішінде күмістен сіргелеп соғып жасайтын бұйымдары, құстұмсық, құдағай жүзіктер, білезіктер, белбеулердің түрлері, ежелгі жадағай, бешпенттер, мұнаймен салынған картиналар, археологиялық жәдігерлер, ағаш, тас, сүйек шеберлерінің де өнімдері әкелінді. Өңірдің өнерімен қоса табиғаты да жеткізілді, яғни бүгінде өлкедегі атақты туристік нысандардың бірі саналатын Ыбықты сайдың макеті қойылды. Осылайша маңғаз өлке бүкіл мәдени, рухани, әдеби әлемін ашып, елорда жұртшылығына паш етті, - дейді ақын Әнуар Бимағамбет.

«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы талқыланды. Кездесуге сарапшы ретінде әдебиеттанушылар Бақтыбай Жайлау мен Әнуарбек Бимағамбет шақырылып, олар романның көркемдік ерекшеліктерін талдап, тарихи мазмұны мен бүгінгі оқырман үшін маңызын түсіндірді. Көрмеге арнайы келген «Креативті индустрияларды дамыту қоры» Коорпоративтік қорының Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов маңғыстаулықтарға маңызды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол аталған қор қазақ әдебиетінің құнды мұраларын көпшілікке танытып, оқырмандар мен әдебиет өкілдері арасындағы байланысты нығайтуды көздейтінін жеткізді.

Көрмеде өңірдің бүгінгі шығармашылық тынысымен қатар, бай тарихына да айрықша мән берілген. Маңғыстау топырағынан шыққан ұлы тұлғалардың өмір жолы баяндалған стендтер қойылған. Сондай-ақ олардың өз заманында киген шапандары да музей қорынан арнайы әкелініп, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмедегі ерекше туындылардың бірі қыштан жасалған бөлме шамы болды. Екінші күнінде «Бабаның көзі, жаңаның өзі» сән көрсетілімі, «Домбыра сазы» ансамблінің концерті, дәстүрлі музыка кеші және «Тамыр. Әуен. Рух» концерті өтті. Көрмеге келушілер ұлттық өнердің ерекше және биік деңгейіне куә болып, рухани демалып қайтты.

Райхан Рахметова