Келіндердің айқасы мен шайқасы

Келіндердің айқасы мен шайқасы

Жұмыстан шыға сала театрға асықтық. Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Келіндер көтерілісі» комедиясы болады дегенді естіп, асығып жеткеніміз осы. Ентелей ішке ендік. Қолымыздағы билет бойынша орнымызға тізе бүгіп, сахнаға көз тігіп, құлақ түрдік. Зал көрерменге лық толы.

Жарық сөніп, сахна шымыл­дығы ашылғаннан Өзбек ағайын­ның шаңырағы екенін ұға бастадық. Көпбалалы отбасының бір шаңырақ астында тұруы, отбасының бірлігін байқатты. Ә дегеннен әтеш пен тауықтың «шайқасына» көз тоқтаттық. Жұмыртқалау­ды жаны қалаған тауық жарықтық, әтешке жұмысыңды жаса деген ишарат білдіреді. Екеуінің ымдасып-жымдасқаны, өз тірліктері хақында тіл қатысуы көрерменнің күлкісіне ұласты. Құс байғұс сахна сыртына жасырынғандықтан, олардың «тірлігін» болжап болу қиын.

Көтеріңкі әуеннің сүйемелдеуімен шаңырақтың кенже келіні Нигора сахна төрінен табылды. Қолына смартфон ұстаған келіннің әлеуметтік желіге желімдей жабысқаны көрініп-ақ тұр. Қойылым осы жерде шиеленісе бастады.  

– Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы – ұзақ жылдар бойы сахна төрінен түспей келе жатқан комедиялық жанрда жазылған үздік шығармалардың бірі. Генерал ененің бұйрығымен жүріп-тұратын бір әулет адамдары кеше ғана жас келін болып түскен Нигораның бас көтеруімен аналарына қарсы шығады. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, маршал кемпірді тақтан тайдырудың жоспарын жасайды. Комедия ене мен келін арасындағы қарым-
қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Қойы­лымда ата дәстүрін берік ұс­тай­тын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылды. Ас­тарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырды деп ойлаймын, – деді Ә.Мәмбетов театрының көрермен жөніндегі менеджері Ақбота Жұмашева.

Әулеттің кіші келіні Нигораны ойнаған жас актриса Шапағат Ұзақбаева көрерменді сендіре білді. Еркіндік алуға тырысып, өз алдына отау болғысы келген келіндер азаттық сұрап, генерал енеге қарсы тұрады. Оның қысымына төзгісі келмейтіндіктерін алға тартады. Ақыры адуынды енеге сөздерін өткізген келіндер бостандыққа қол жеткізеді.

Өзбек жазушысы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» қойылымын режиссер Ұланмырза Қарыпбаев сахналады. Қатал ененің яғни Фармон Бибі рөлінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилина сомдаса, отбасының үлкен келіні Саттың рөлінде Шыныбек Рахмашев ойнады. Қойылым соңында қоғамдағы ащы шындықты күлдіре отырып көрсете білген театр әртістеріне, соның ішінде ұста рөлін сомдаған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосовқа көрермен ықыласы ерекше болды.