Махаббат мұңын қозғаған

Махаббат мұңын қозғаған

Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасы – адам жанының терең иірімдерін, сезім мен парасаттың, махаббат пен ардың, арман мен шындықтың арасындағы күрделі қайшылықтарды суреттейтін көркем туынды. Уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалт­паған шығарма адам өміріндегі ең асыл құнды­лық­тардың бірі – махаббаттың мәнін, оның адам тағдырына тигізетін әсерін және рухани жауапкершілігін тереңнен қозғайды. Осы драма Жастар театрында сахналанды.

– Қойылымның негізгі өзегінде – ақындық әлемге қадам басқан жастардың өмірі, олардың арман-мұраты, шығармашылық ізденістері, бір-біріне деген сезімі мен өмірлік таңдаулары жатыр. Кейіпкерлердің әрқайсысы өз тағдыры мен дүниетанымы арқылы көрерменді адам жанының сан алуан қырларымен қауыштырады. Өзім ерекше сезімде болдым, – дейді көрер­мен Мөлдір Жақсыбаева.

Шығарманың басты кейіпкерлері Ләззат пен Нияздың тағдыры арқылы автор адамның ішкі әлеміндегі толға­ныстарды жеткізе біледі.

Қойылымның көркемдік ерекшелігінің бірі – қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтің сыршыл поэзиясының кеңінен қолданылуы. Ақынның жүрек тебірентер жырлары спектакльдің эмоционалдық қуатын арттырып, кейіпкерлердің жан дүниесін тереңірек ашады.

– Қоюшы-режиссер спектакльді психологиялық драма жанрының биігінде сахналап, адам жанының құпия сырларын, ішкі тартыстарын және рухани ізденістерін терең бейнелейді. Режиссерлік шешімдер арқылы қойылым көрерменді тек оқиға желісін бақылаушы ретінде емес, кейіпкерлердің жан дүниесіне үңіліп, олардың қуанышы мен мұңын бірге сезінетін рухани серіктеске айналдырады, – дейді «Жарнама» бөлімінің PR менеджері Бағдагүл
Мұхамбетжанова.