Кассациялық соттар: 9 айдағы нәтиже мен жүйелі даму

Кассациялық соттар: 9 айдағы нәтиже мен жүйелі даму

2025 жылғы 1 шілдеден бастап өз жұмысын бастаған кассациялық соттар қысқа уақыт ішінде сот төрелігінің тиімді, ашық әрі қолжетімді жүйесін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Небәрі 9 ай ішінде жаңа сот инстанциясы тұрақты жұмыс ырғағына көшіп, құқықтық жүйенің маңызды буыны ретінде өз тиімділігін көрсете алды.

Кассациялық соттардың қызметін толық қамтамасыз ету мақсатында екі ғимаратта кешенді ұйымдастырушылық, техникалық, ақпараттық және кадрлық жұмыстар жүргізілді. Бүгінде сот жүйесінің жаңа деңгейі заманауи талаптарға сай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Өткен 9 ай ішінде департаментке 73 412-ден астам кіріс хат тіркеліп, 52 409-дан астам шығыс құжат өңделді. Сонымен қатар, азаматтардан келіп түскен 5 755 өтініш қаралып, колл-орталық арқылы 3 759-ға жуық өтініш қабылданды. Электронды іс жүргізу жүйесі арқылы 22 064-тен астам кассациялық шағым қаралған.

Осы кезеңде барлығы 6 626 іс қаралды. Оның ішінде 886 қылмыстық іс, 3 105 азаматтық іс және 2 606 әкімшілік іс бар. Сонымен қатар, 8 742 кассациялық шағым кері қайтарылды. Бұл соттардың сүзгілік функциясының тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғартады.
Кассациялық соттардың қызметін ақпараттық кеңістікте кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылуда. Негізгі мақсат – ашықтықты арттыру, қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайту және азаматтарды маңызды шешімдер туралы дер кезінде хабардар ету.
Бүгінде соттардың ресми әлеуметтік желілердегі аудиториясы тұрақты өсуде. Жаңа құрылған құрылым үшін бұл – оң динамика.

Ақпараттық контенттің сапасын арттыру мақсатында әр кассациялық сотқа жеке стильде әзірленген имидждік постерлер дайындалды. Сонымен қатар, ұзақтығы 1–3 минут болатын қысқа бейнероликтер түсіріліп, олар әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда және фронт-офистерде жариялануда. Мұндай формат ақпаратты қарапайым әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.

Ресми интернет-ресурстарда екі тілде 202 баспасөз релизі мен 71 бейнеролик жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс та жолға қойылған. «24KZ» және «Хабар» телеарналарында кассациялық соттардың жаңалықтары күнделікті жүгіртпе жол арқылы көрсетілуде. Сондай-ақ, соттардың қызметі ірі ақпараттық порталдар мен телеарналарда кеңінен жарияланып келеді.

Жалпы алғанда, кассациялық соттардың алғашқы 9 айдағы жұмысы сот жүйесінің сапалы жаңғыруының нақты көрінісі болды. Бұл – құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Осы қағидаттар мен ақпарат ашықтығын назарға ала отырып, кассациялық соттар әділ сот төрелігін қамтамасыз ету жолында өз қызметін одан әрі жалғастыра бермек.

Нұрбаев Талғат Серікханұлы,

Кассациялық соттардың баспасөз бөілімінің басшысы