Астана қаласы Есіл ауданының полиция қызметкерлері GPA көрсеткішін көтеріп беремін деген желеумен азаматтарды алдаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тергеу барысында, күдікті өзін жоғары оқу орындарында ықпалды таныстары бар адам ретінде таныстырып, “университеттегі рейтингті өзгертіп беремін”, “GPA-ды көтеріп беремін” деп уәде берген. Осылайша ол екі азаматтың сеніміне кіріп, жалпы сомасы 2 млн 500 мың теңге ақшаны иемденіп алған.
Алайда күдікті уәде етілген қызметті орындамаған. Ақшаны алғаннан кейін түрлі сылтаулар айтып, кейін байланысқа шықпай, ізін суытқан.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарға GPA, академиялық рейтинг немесе басқа да білім көрсеткіштерін ақша арқылы “шешіп беремін” деген заңсыз ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді. Заңсыз жолмен мәселе шешемін дегендердің арбауына түспей, сақтық шараларын ұстану қажеттігін ескертеді.