Астана қаласының Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдеріне арналған Астана қаласы прокуратурасы қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық дәріс ұйымдастырылды,деп хабарлайды astana-akshamy.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шара барысында қатысушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп сақтау қағидалары, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының, алаяқтық пен дропперлік әрекеттердің алдын алу мәселелері түсіндірілді. Сондай-ақ Қазақстан заңнамасын сақтау, құқық бұзушылықтардың профилактикасы және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің 30-ға жуық өкілі мен мүшесі қатысты. Қонақтар қатарында Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова және Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрал Айдашев болды.
Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық келісімді нығайту, сондай-ақ заң мен құқықтық тәртіпке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Мұндай іс-шаралар халық арасында құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтардың ақпараттандырылу деңгейін арттыруға және мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал етеді.