Астана қаласының полиция департаментінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға шабуыл жасамақ болған күдіктіні ұстауға көмектескен азаматтар марапатталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оқиға қаладағы саябақтардың бірінде болған. Ер адам кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға шабуыл жасамақ болған сәтте, қыз бала көмек сұрап айқайлаған. Осы кезде отбасымен саябақта серуендеп жүрген ер адам дереу көмекке ұмтылған. Кейін оған тағы бір қала тұрғыны қосылып, екеуі бірлесіп шабуыл жасаған азаматты ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Болған жағдайға бейжай қарамай, табандылық танытқаны үшін Ануар Мусин мен Павел Саськов бағалы сыйлық – қолсағаттармен марапатталды.
– Сіздердің әрекеттеріңіз – азаматтық жауапкершіліктің, батылдық пен жанашырлықтың лайықты үлгісі. Сіздердің батыл қадамдарыңыздың арқасында арты ауыр салдарға әкеп соғуы ықтимал қылмыстың алдын алу мүмкін болды. Азаматтық танытып, дер кезінде көмекке келген азаматтардың бұндай әрекеті құрметке әбден лайық деп есептеймін, – деп атап өтті елордалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.