Денсаулық сақтау министрлігі наркологиялық қызметті жаңғыртуға кірісті. Бұл жұмыс қауіптерді ерте анықтауға, олардың алдын алуға, анонимді көмектің қолжетімділігін арттыруға және қауіп топтарымен жұмыстың тиімділігін күшейтуге бағытталған. Тиісті тапсырмалар наркологиялық көмекті дамыту мәселелері жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша берілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде негізгі мәселелердің бірі – азаматтардың мамандандырылған көмекке тым кеш жүгінуі. Диагноздың жария болуы, диспансерлік есепке қойылу немесе әлеуметтік салдарларға қатысты алаңдаушылық көптеген адамның емделуден бас тартуына себеп болып отыр. Соның салдарынан олар білікті медициналық көмексіз қалып немесе бейресми әрі бақылаусыз қызмет көрсететін құрылымдарға жүгінеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық өңірінде анонимді наркологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуді міндет етіп қойды.
Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова 1 қыркүйекке дейін мұндай кабинеттер жоқ өңірлерде анонимді наркологиялық консультация беру кабинеттерін ашуды және осындай көмекті көрсетуге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруды тапсырды.
«Біздің міндетіміз – әрбір адамның айыптаудан немесе жеке мәліметтерінің жария болып кетуінен қорықпай, дер кезінде көмекке жүгіне алатын жағдай жасау. Тәуелділік – кәсіби медициналық көмекті қажет ететін ауру, оны стигматизациялауға негіз болмауы тиіс. Пациентпен жұмыс неғұрлым ерте басталса, емнің сәтті өтуі мен оның қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – деп атап өтті министр.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы статистика тәуелділік мәселесінің нақты ауқымын толық көрсетпейді. Тәуелділігі бар адамдардың едәуір бөлігі денсаулық сақтау жүйесінің назарынан тыс қалып отыр. Мамандардың бағалауынша, халықтың шамамен 25%-ы қауіп тобына жатады және дер кезінде кеңес беруді, профилактикалық қолдауды әрі тәуелділік факторларын ерте анықтауды қажет етеді.