Бірлік – тұрақтылықтың тірегі

Бірлік – тұрақтылықтың тірегі
фото: жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдымызға көптеген маңызды міндеттер қойып, сөзден іске көшетін уақыт келгенін атап өтті. Жолдауда қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасын арттырудан бастап, бизнесті қолдау мен экономиканы дамытуға дейінгі маңызды бағыттар қамтылды.

Халықтың әл-ауқаты. Ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру бастамасы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу – азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін шаралар.

Шағын және орта бизнесті қолдау. Микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу бастамасы кәсіпкерлер үшін маңызды.

Инвестиция мен инфрақұрылым. Шетелдік инвестиция тартудың бірыңғай жүйесі, жол құрылысы, геологиялық барлау және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты шешімдер ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.

Цифрлық экономика. Жаңа технологияларды енгізу мен экономиканы цифрландыру – уақыт талабы. Бұл бағытта тиімді шешімдер қабылдап, олардың нақты нәтижесін қамтамасыз ету маңызды.

Әділетті құқықтық орта. Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу және инвестициялық дауларды шешу тетіктерін жетілдіру құқықтық жүйенің сапасына, азаматтар мен кәсіпкерлердің сеніміне ықпал етеді.

Алдағы кезеңде қойылған міндеттерді сапалы орындау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және азаматтардың мүддесін қорғау ерекше маңызға ие.

Бірлік – тұрақтылықтың тірегі. Нақты іс – дамудың кепілі. Ендігі міндет – белгіленген мақсаттарды нәтижеге айналдыру.

Аяужан Әшімова, 

Құрылтай депутаты