Астанада сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференция өтті

Астанада сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференция өтті
фото: atameken.kz

Астанада мемлекеттік органдардың, іскерлік орта мен Қазақстан және Қытай Халық Республикасы бизнес-қоғамдастығының өкілдерін біріктірген «Қазақстан – Қытай (Цзянсу): сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясы» өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың келешегін талқылауға және кәсіпкерлер арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Бағдарламаның негізгі бөлігі Қазақстан компаниялары мен Қытайдың жетекші экономикалық, өнеркәсіптік және инновациялық өңірлерінің бірі саналатын Цзянсу провинциясының кәсіпорындары арасындағы B2B форматындағы кездесулер болды.

Конференцияда Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин сөз сөйледі. Ол бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас өзара сенімнің, татулық пен стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісіне айналғанын атап өтті.

«Екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызы ерекше. Бұл инвестициялар тартуға, бірлескен кәсіпорындар құруға және нақты жобаларды іске асыруға ықпал етеді», – деді Қанат Әлин.

Конференция барысында қатысушылар машина жасау, энергетика, құрылыс, логистика, цифрлық технологиялар, жаңа материалдар өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар өндірістерді жергіліктендіру, технологиялар трансфері, білікті кадрлар даярлау және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өнеркәсіп, жоғары технологиялар және инновациялар саласында мол тәжірибеге ие Цзянсу провинциясы экономиканы жаңғырту және әртараптандыру тұрғысынан Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыратыны атап өтілді.

Бүгінде Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді. Бұл сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен индустриялық әрі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Конференция қорытындысы бойынша тараптар әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге мүдделі екендерін білдірді.

Қатысушылар қол жеткізілген келісімдер мен орнатылған іскерлік байланыстар екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.