Кеше Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығы жанындағы Оқырмандар клубының 4-отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесудің құрметті қонағы – журналист, жазушы, медиа зерттеуші, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубай болды. Қаламгер клуб мүшелерімен кездесіп, өзінің «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабын таныстырды.

Жылышырайлы жүздесуде оқырмандар шығарма бойынша алған әсерлерімен бөлісіп, кітаптың мазмұны, автордың жазу стилі және туындының идеялық мәні туралы пікір алмасты. Ашық диалог алаңында қатысушылар жазушының шығармашылығына қатысты өз ойларын айтып, көкейлеріндегі сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.
Кездесу барысында әдебиет пен кітап оқудың маңызы, қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері де кеңінен сөз болды. Қатысушылар автордың шығармашылық жолына жоғары баға беріп, оның туындыларының оқырманға берер тағылымдық мәнін атап өтті.

Жиынның соңында Төлен Тілеубай Оқырмандар клубының кітапханасына «Түлкілітаудың аспаны» кітабына қолтаңба қалдырып, қатысушылармен естелік суретке түсті. Бұл кездесу клуб мүшелеріне ерекше әсер сыйлап, әдеби шығармаларды бірге талқылаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Қатысушылар осындай мазмұнды әдеби кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдіріп, қаламгерге шығармашылық табыс тіледі.
Мақпал ОРЫНБЕТОВА,
жазушы, қоғам қайраткері, Желтоқсан қаһарманы, Қазақстанның құрметті журналисі