Республика күніне орай Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты Бірлескен мұражайлар дирекциясының ұйымдастыруымен «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінде «Тарихи сәт» атты диалог-кездесу өтті.
Тағылымды кездесуге көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақ, ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы, сондай-ақ Бірлескен мұражайлар дирекциясының бас директоры Асқар Қалыбаев, өзге де зиялы қауым өкілдері және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – ұлттық тарихты ұлықтау, Республика күнінің мән-маңызын кеңінен насихаттау, тарихи жадыны жаңғырту және жас ұрпақтың рухани-танымдық көзқарасын қалыптастыру. Басқосу барысында ел тәуелсіздігінің тарихи маңызы, саяси қуғын-сүргін жылдарының қасіреті, ұлт тарихындағы тағдырлы кезеңдер, кітап оқу мәдениетін дамыту мен «Кітап оқитын ұлт» бастамасының маңызы сөз болды.
«АЛЖИР» мемориалды музей кешенінде өткен кездесудің мазмұны тарихи жады мен ұрпақ сабақтастығы тақырыбымен астасты. Қатысушылар саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен азаматтардың тағдыры, олардың ұрпаққа қалдырған аманаты және өткен тарихты ұмытпай, келешекке жеткізудің маңызы жөнінде ой қозғады. Тарихи деректер мен тағдырлы оқиғаларға негізделген әңгімелер жастарға ел басынан өткен ауыр кезеңдерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Жүздесу барысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне де айрықша назар аударылды. Зиялы қауым өкілдері әдебиеттің ұлттың рухани дамуына, тарихи сананың қалыптасуына және жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге қосатын үлесін атап өтті.
Іс-шара аясында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы сөз сөйлеп, елдік мүдде мен рухани құндылықтарды дәріптейтін бастамалардың маңызына тоқталды.
«Қазақты өркениетті елдердің қатарына қосу жолында қолға алынған “Кітап оқитын ұлт” жобасы мен өзге де игі бастамаларды зиялы қауым өкілдері әрдайым қолдайды. Өйткені кітап оқитын ұлттың ой-өрісі кең, танымы терең, рухани іргетасы берік болады. Осындай жобалардың жүзеге асуына қолдау білдіру – баршамызға ортақ міндет.
Бүгін Республика күніне орай бас қосып, “Байрағы биік байтағым” атты жазба ақындар мүшәйрасының жинағын оқырманға ұсынғалы отырмыз. Жинаққа еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Астанаға арналған үздік поэзиялық шығармалар енді. Бұл туындылар – елдік пен еркіндікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлайтын рухани мұра. Жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мұндай еңбектердің орны ерекше», – деді Дәулеткерей Кәпұлы.
«Байрағы биік байтағым» атты жазба ақындар мүшәйрасы жинағының тұсауы кесілді. Жинаққа ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Астанаға арналған үздік поэзия шығармалары енді.