«Әкемнің әлемі» таныстырылды

«Әкемнің әлемі» таныстырылды

Өткен сенбі күні Ұлттық академиялық кітапханада Әкелер күніне арналған «Әке ізімен» атты тағылымдық іс-шара өтті. «Әке мен бала» клубы аясында ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтып, отбасы құндылықтарын дәріптеу.

Іс-шараны модератор Айсын Мүрсінқызы ашып, әкенің отбасы өміріндегі орны мен тәрбиелік маңызы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Кеш барысында қатысушылар әке тұлғасының бала өміріндегі әсері, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарының сабақтастығы жөнінде әңгіме өрбітті.

 Мерекелік бағдарламаның маңыз­ды бөлігінің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, драматург Қадыр Әлімқұлов­тың отбасы құндылықтарын арқау еткен «Әкемнің әлемі» кітабының таныстырылымы болды.  Қаламгер оқырмандармен пікір алмасып,  өмірлік тәжрибесімен және шығармашылық жолындағы естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, адам бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің қалыптасуына әке тәрбиесі тікелей әсер етеді. Сондай-ақ жазушы ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды шығармалары арқылы насихаттау өзінің адамдық, азаматтық әрі қаламгерлік парызы екенін жеткізді. Іс-шараға жазушының үзеңгілес дос­тары – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Владимир Шнайдер, филология ғылымдарының кандидаты Ғалиябану Резуанова, техника ғылымдарының докторы Мұратбек Арпабеков, математика ғылымдарының докторы Әбілмәжін Адамов, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында бүлдіршіндер Қадыр Әлімқұловтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, домбырада күй орындады.

Тағылымға толы шара соңында қатысушылар «Менің әкем – ең жақсы адам» әнін бірге орындап, мерекелік кеш рухани әсерлі сәтпен қорытындыланды. Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың бойында ата-анаға деген құрмет сезімін қалыптастырып, отбасы институтының нығаюына ықпал ететіні сөзсіз.

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық

университе­тінің студенті