Зұлпыхар ҒАЙЫПОВ, Астана қаласы мәслихатының депутаты, саяси ғылымдардың докторы: Кейбір құндылықтардың қадірін түсіріп алдық

0 175

– Зұлпыхар Сұлтанұлы, сіздіңше Елбасының биылғы Жолдауы несімен ерекше?

– Елбасының биылғы 5 қазандағы Жолдауы – алдындағы Жолдаулардың логикалық жалғасы. Естеріңізде болса, былтырғы 31 қаңтардағы Жолдауында Ұлт көшбасшысы адам капиталын жақсарту туралы мәселені көтерген болатын. Жалпы 1997 жылдан басталған барлық Жолдаулар Қазақстан халқының әлеуметтік мәселесіне тікелей арналған. Биылғы Жолдауда Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл әртүрлі сала бойынша түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам адамның еңбекақысына тікелей әсер ететін болады. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың адамның еңбекақысы да көбейіп, орта есеппен алғанда 35 пайызға өспекші. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» атап көрсетілгендей, 60 мың теңгеден төмен жалақы алатын адамдардан салық ұсталмайтынын ескерсек, бұл – үлкен әлеу­меттік маңызы бар мәселе.
– Елбасы экономика драйвері – тұрғын үй құрылысы саласына да ерекше тоқталды. Осы туралы да пікіріңізді білсек…
– Жолдаудың аты айтып тұрғандай, басты мәселе қазақстандықтардың тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға бағытталған. «Бес бастамада» қазақстандықтарды «7-20-25» формуласы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету идеясы ұсынылған. Мұндағы негізгі мақсат – жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл жоба өңірлерде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Соның ішінде Астана, Алматы сияқты ірі мегаполистерде.
Елбасы әкімдерге осы бағдарламаны одан әрі жалғастыру үшін ішінара субсиядиялау мәселесін тапсырды. Бұл ең біріншіден, мұғалімдер, медицина қыз­меткерлері, полицейлер және өңірге ең қажетті деген мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады. Бұған қоса, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту тапсырылды. Осы мақсатта 5 жылдың ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам адамға бұл үлкен қолдау болады. Қазіргі урбанизация процесін ескеретін болсақ, бұл елдің экономикасын дамытуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
– Астанаға газ тарту қаншалықты тиімді болады деп ойлайсыз?
– Әрине, бұл біріншіден, экологияны жақсартып, тазартады. Астанадағы зиянды қалдықтардың ауаға таратылуын 6 есеге азайтпақ. Бұл елордамыздың экологиясын тазартуға септігін тигізеді. Осы жылдың өзінде Көктал-2 кентінде жол, кәріз, жарық жүйелерінің құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде барлығы жөндеуден өтті.
– Сіз Астанадағы көлік және коммуникация саласындағы ірі оқу орнын басқарып отырсыз. Еліміздегі жолдар және коммуникацияның болашағы туралы да ойыңызды біле отырсақ…
– Шығыстың ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұн «Мемлекеттің күш-қуаты оның жолдары мен қазанға түскен салық көздерінен білінеді» деген екен. Сол айтқандай, еліміз қарқындап дамыған сайын жол логистика мәселесі де Елбасының назарынан тыс қалған емес. Еліміздің географиялық жағынан батыс пен шығыстың ортасында орналасуы көліктік, логистикалық мүмкіндігімізді еселеп арттырып отыр.
Жалпы, еліміз көлік және логистика саласында қарқынды дамып келе жатыр. Тәуелсіздік алғаннан бастап осы сала бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Мәселен, Қазақстан – ТМД елдері арасында осы жылдар аралығында 2500 шақырым теміржол желісін салған жалғыз мемлекет. Жүк транзиті 17 пайыз­ға өсіп, 17 миллион тонна көрсеткішті көрсетті. Егемендік алғалы бері Қазақстан 4,5 мың шақырымнан астам теміржолды, 2005 жылдан бастап 2 мың шақырымнан аса автомобиль жолдарын салып, кейбіреулерін қайта жөндеуден өткізді. Елбасы автомобиль жолдарын 2020 жылға дейін 4 мың шақырымға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл өз кезегінде бүгінгі күннің өзекті мәселесі – туризмді дамытуға да септігін тигізеді.
Жолдардың бойында жаңадан қызмет көрсету орындары мен жұмыс орындары ашылып, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеруіне тағы да үлкен мүмкіндік береді. Елбасының тапсырмасын орындауда біздің оқу орны да өз үлесін қосып келеді. Біріншіден, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашумен қатар, биыл 2 мамандық бойынша (байланыс және автомобиль жолдарын салу) қолданбалы бакалавриатты аштық.
– «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң сіздің ойыңызша ұстаздар қауымына не береді?
– Мұғалімдер үшін жақында болған Жолдаудың маңызы тым ерекше. Ел тарихында бірінші рет ұстаздар мәртебесіне қатысты заң қабылданбақ. Бұған дейін де Білім және ғылым министрлігі педагогтың кәсіби стандартын қабылдаған болатын. Ендеше, стандарт бар. Енді заң қабылдасақ, педагогтардың мәртебесі міндетті түрде қоғамда жақсы жағына өзгереді деп ойлаймын.
Максим Горький «Ұстаз деген ұлы есім» деген екен. Нарық заманда біз кейбір құндылықтардың қадірін түсіріп алдық. Ұстаз бен дәрігерді қадірлеуден қалдық. Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөз бар. Ұстазды қадірлеген елдің болашағы да жарқын болмақ. Жолдаудағы мұғалімдерді бұдан былай әртүрлі шаралардан босату керек және олар бала тәрбиесімен айналысу керек деген Елбасы сөзі мұғалімдердің жүрегіне жылы тиді. Тағы да бір қуантатыны, ғылым мен білімге, медицинаға алдағы 5 жыл ішінде бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізілмек. Бұл үлкен революциялық шешім деп айтсам, артық болмас. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талабы бойынша білімге ішкі жалпы өнімнің 4 пайызы жұмсалуы керек. Бұл көрсеткішті қазір біз орындап отырмыз. Ал келешекте дамыған 30 мемлекеттің қатарына енеміз десек, Елбасының бұл бастамасы өте маңызды. Әлемнің Финляндия, Жапония, Германия сынды дамыған мемлекеттері білім мен ғылымға 10 пайыздың үстінде қаражат жұмсайды екен. Осы жағын ойлап қарағанда, бұл үлкен серпіліс.
Білім саласын алғанда, мәселен, тек Астана қаласында 5 мектеп жаңадан салынбақшы. Осы негізде 3 ауысымдық мектептер өз қызметін тоқтатады. Сондай-ақ 2019 жылы Көктал-2 кентінде 220 орындық емхана салу жоспарлануда.
– Жолдауда Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғасатынын айтты. Соның ішінде бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуді атап өтті. Бір мекеменің басшысы ретінде осы туралы не айтасыз?
– Еліміз ТМД бойынша бірінші болып «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды да қабылдады. Сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жазылды. Мақсат неде? Азаматтарымызды барынша тұрмыстық деңгейде болсын, ірі мемлекеттік деңгейде болсын жемқорлықтан таза болуға шақыру. Ол үшін Елбасы заңнамалық актілер мен заңдарға жедел өзгеріс енгізуді де тапсырды.
Астана қаласының жемқорлыққа қарсы стратегиясын басқа өңірлерге тарату керектігі қаралды. Қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жа­уапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау керектігі рас. Жемқорлық – қоғам мен мемлекет үшін үлкен індет. Онымен күресу әрбір қазақстандықтың қасиетті борышына айналу керек. Тек сонда ғана мемлекетке деген халықтың сенімі де күшейеді.
– Елбасы еңбек қоғамы туралы, сосын әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуы туралы мәселені көтерді. Осы жайлы не айтасыз?
– Шынында да, еңбек адамы, еңбек қоғамы мәселелері бүгінгі таңда өте өзекті болып тұр. Астанамыздың 20 жылда адам танымастай өзгеруі, еліміздің халықаралық қауымдастықтағы беделі, жалпы экономикамыздың дамуы тікелей еңбек адамы мен еңбек қоғамына қатысты.
Иә, қазір қоғамда еңбек адамынан гөрі әнші мен бишінің табысы мен беделі артып отыр. Оған журналистердің де кінәсі бар шығар. Өйткені Астана мен еліміздің басқа өңірлеріндегі алып құрылыстарда, зауыттарда, шалғай ауылдарда еңбек етіп жатқан қарапайым еңбек адамын әртістердей жарнамаласа, қоғамдық пікір де өзгеретін еді. Дей тұрғанмен де, әлі де болса еңбек адамы бізде қадірлі. Сондықтан да болар, Қазақстанның Еңбек Ері атағын ең алғаш алған адамдардың қатарында педагог, дәрігер және фермер тұр.
Қазақстанның дамыған 30 мемлекет қатарына енуі бірінші кезекте елдің ынтымағына тікелей байланысты. «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген мақалды білесіздер. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасымыз қазақстандықтарды прагматик болуға, жүзге бөлінбеуге, жершілдіктен арылуға шақыра отырып, ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген заманның келгендігін, еліміздің болашағы бірінші кезекте мемлекет құраушы қазақ ұлтына тиісті екенін еске салды. Ендеше, елдің дамуына баршамыз атсалысайық!
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + two =