Зұлмат заман запыраны

0 71

Тарихтағы аса бір халқымызға жайсыз да, рахымсыз кезең – өткен ғасырдың отызыншы жылдары. Әсіресе, 37-жылдардағы сталиндік реп­рессияның зардабы орасан.Осы бір зұлмат заманның нәубетін кино, газет-журналдар арқылы ғана емес, тікелей ҰҚК (КГБ)-нің архивтеріндегі қылмыстық істермен танысу барысында көз жеткізген едім. Небір жантүршігерлік, адам нанғысыз құжаттар үлгісін көрдім.
Заңдылықтың, тергеудің не екенінен аздаған хабары бар мен, ондағы адам тағдырын оп-оңай шеше салған құжаттарды көріп бас шайқаудан басқа лаж таппаған едім.
Ойпырм-ау, Жапонияның қайда екенін, жапондардың кім екенін, бар-жоғын білмейтін ауыл қазақтарына Жапонияның шпионысың деп айып тағып, мойындатып, тағдырына балта шаба салған сұмдықтарды оқыдым.
Бір ғана қылмыстық іспен, шағын қазақы аудан Ақтоғайдан (ол кезде Қоңырат ауданы болу керек) 65 адам халық жауы болып сотталып, он адамы бірден атылып, қалғандары дозақтың небір түрлерін көруге ұзақ жылдарға кете барған. Содан елге аман-есен келгені, мен білсем, үшеу ғана болатын.
Осы жазықсыздан жазаланғандардың біреуі – менің туған нағашы атам Әменнің Құтжаны еді. Тоқырауын өзенінің бойындағы сол кездегі «Үш өзек» колхозының басқарма төрағасы болып тұрғанда, жаламен айдалып кетеді. Сондағы бар кінәсі: елге сыйлы, беделі бар, ақынжанды, айналасына қамқор, еті тірі болғандығы. Бір ерекшелігі – жүйрік, жорға мініп, жалпы жылқының жайын бір адамдай білгендігі екен.
Айдалардың алдында, аудан орталығына НКВД-ға шақырылғаннан-ақ, одан үйге енді қайтып келмесін сезген Құтжекең, ауданға жүрерінде, әдеттегідей жорға атын мінбей, жаңа құлындаған ала биені ерттейді де, үйдегілерге құлынын алып қалыңдар дейді.
Екі күннен кейін, шұрқыраған биенің дауысын естіп, үйдегілер сыртқа шықса, ала бие ер-тұрманымен, жүгенсіз, құлын қамалған қораның алдында тыпырлап тұр екен. Үйдегілер биені тыныштандырып, құлынына қосып, ер-тоқымын сыпырса, оған қоса дорба байланғанын көреді. Ашса, дорбадан жаңа туған ұлына деп алып, беріп жіберген жас баланың киім-кешегі, ойыншықтар, т.б. үй жабдықтары шығады. Төрт баласының кенжесі – Ғазиздің (Ақтоғай өңірінде танымал адам дәрігері болған) қырқынан жаңа шыққан кезі екен.
Аудан басында бала-шағасына керегін алып, дорбаға салып, ер-тоқымға байлап, НКВД-ға жеткен соң жануардың жүгенін сыпырып (оралып, бірдеңеге ілініп қалмасын десе керек) биені ауылға қарай «Шу!» деп айдап жібереді. Сонда мал жайын жақсы білетін Құтжекең, биенің жас құлынына қайтсе де жететінін, өзінің қайтпайтынын елге сездірген екен.
Жарықтық, сол кеткеннен оралмай, 1943 жылы Волго-Вятск қаласында (атақты Беломорканал құрылысында) орыс басбұзарларының қолынан қаза тауыпты. Осыны, айдаудан аман қайтқан үшеудің бірі – кейін де «Дала академигі» атанған, атақты шопан, 98 жыл жасаған Көпбаев Зікірия марқұмнан естіген едік.
Ақтоғайдағы ағайындарды «Жапон шпиондарына» айналдырудың алдында Голощекиннің «Кіші октябрь» мақсатты науқанының басталуы тұр. Сол 1937 жылы қазақтың қаймаққа шығар асылдарын жаппай қудалау мен жазықсыз жазалау басталған еді.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
Ардагерлер Орталық кеңесі
төрағасының орынбасары

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 14 =