«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зиянкестермен кімдер күреседі?

0 307

Егер үйіңізде тарақан мен қандала, құрт-құмырсқа, тышқан мен егеуқұйрық сияқты зиянкестер қаптап кетсе, арнайы дәрі-дәрмек пайдаланып, болмаса мамандардың көмегіне жүгінетініңіз белгілі.

Бұл тұрғыда қалада зарарсыздандырумен айналысатын кәсіпорындар мен жекелеген адамдар аз емес. Бірақ зиянкестермен кешенді түрде күрес жүргізіп, оны түбегейлі жоюды тұрақты бақылауға алып, жұмыстарына кепілдік беретіндер сирек. Еліміздегі сондай компаниялардың бірі – «ORKIN» кәсіпорны. Қазақстан аумағында екі жыл бұрын ғана ашылғанымен, бұл компанияның АҚШ пен Азия елдерінде қызмет көрсетіп келе жатқанына бір ғасырдан асқан. Осы саланы тереңірек зерттеген Талғат Дүйсеков әлемдік брендке айналған жетекші компанияның франшизасын сатып алып, еліміздің бірқатар қалаларында кәсібін дөңгелетуде. Оның орынбасары Сырым Бекмағанбетов жұмыстары жайлы кеңінен әңгімеледі.
– Зиянкестермен күресті біз ғимараттарда, яғни пәтерлер мен жер үйлерде, сауда және бизнес орталықтарында, дәмхана-мейрамханаларда, қонақ үйлерде, зауыттар мен қоймаларда жүргіземіз. Бірақ құмырсқа мен шыбын-шіркейді үй жануарындай көріп, оларды жоюға бас қатырмайтындар да бар. Алайда бұлардың тигізетін зардабы мол екенін білуіміз керек. Мысалы, басқасын айт­пағанда, күнделікті үйімізге үймелейтін шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, маса сияқты жәндіктердің адам денсаулығына зияны көп. Ал кеміргіштер кәсіпкерлерді шығынға батыруы мүмкін. Бір вагон тауарының кеміргіштердің кесірінен жарамсыз болып қалғанын білген соң ғана олар біздің көмегімізге жүгініп жатады. Сонымен қатар, сымдардың тұйықталуынан шыққан өрттің себеп-салдары да осы зиянкестерден болуы ғажап емес. Өйткені адам баласының аяғы баса қоймайтын жертөле сияқты көзден таса орындардағы кабельдерді кеміргіштердің кеміретінін көпшілік ескере бермейді. Сондықтан ірі кәсіпорындар шығынға ұшырамас үшін жәндіктерден алдын ала сақтанып, зиянкестермен кешенді күресті үнемі жүргізіп отыруы керек. Әлем елдерінде мұндай үрдіс бұрыннан бар. Қазір біздің санамызға да сіңіп келеді, – дейді бас директордың орынбасары.
Оның айтуынша, бір қарағанда көзге ілінбейтін зиянкес жәндіктер адамның заттарымен келетін көрінеді. Сондықтан көшіп-қонғанда, басқа аймақ­тардан немесе шетелден саяхаттап келген кезде сөмкелер мен сыртқы киімді төргі бөлмеге шығаруға асықпау керек екен.
– Зиянкестерден сақтану үшін алдымен гигиеналық тазалықты сақтау керек. Онсыз болмайды. Сыртқы киімді, сөмкені кіреберісте ұстаған жөн. Мысалы, сіз қандала бар орыннан басқа мекенжайға қоныс аударсаңыз, бұл жәндіктер киім-кешек, жи­һаз, көрпе-жастығыңызбен бірге барады. Ондай жағдайда зиянкестер өздігінен жоқ болып кетпейді. Олармен міндетті түрде күрес жүргізу керек. Ал осындай мәселемен хабарласса, біз ғылымға негізделген зерттеу жүргізіп, тиісті қызметін көрсетіп, мәселені түбегейлі шешеміз. Яғни, алдымен мамандарымыз барып, сол жерді мекендеген қандай зиянкес екенін зерттеп, анықтайды. Сол бойынша күрес жүргізіледі. Өйткені әр жәндіктің өз ерекшелігі болады. Олардың әрқайсысына қолданатын дәрілеріміз де, әдістеріміз де әртүрлі. Дезинсекция мен жәндіктерге қарсы кейбір дәрілердің адамдарға зияны болуы мүмкін. Өйткені зарарсыздандыру жұмыстарынан кейін пәтер иелеріне 1-2 күн үйге қонуға тыйым салып жатады. Ал бізде ондай жоқ. Дәрілеріміздің адамға еш зияны тимейді. Олар тек жәндікті жоюға ғана арналған. Барлығы сапалы. Соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған қыз­меткерлеріміз де шетелдің білікті мамандарынан жүйелі түрде тәлім алып, заманауи ілімді қолдануда. Егер тәжірибемізде жоқ зиянкестер кезігіп жатса, шетелдік әріптестерімізбен кеңесеміз, – дейді Сырым Бекмағанбетов. – Әлбетте, сол зиянкестерді тапсырыс түскен мекенжайдан жойып жіберген күннің өзінде, табиғаттың заңдылығына сай олар қайтадан сырттан енуі мүмкін. Өйткені ол Құдайдың өзі жаратқан тіршілік иесі ғой. Бірақ кейін сол жерде зиянкестер қайтадан пайда болса, біз оны тағы да жоюға, бақылауға алуға кепіл­дік береміз. Нысанамызда тек жәндіктер ғана емес, сонымен қатар тышқан, сол сияқты құстар да болуы мүмкін. Бас­ты мақсатымыз – зиянкес­терден басқа қоршаған орта мен адамдарға зиян тигізбеу.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды