Зиялылар ордасына айналды

0 88

Еуразия ұлттық университеті – қазір еліміздегі ең іргелі оқу орны. Астанаға келуіме осы оқу орны себепші болды. Кешегі күндер санамда сайрап тұр. 1996 жылдың мамыр айында Алматыдан Ақмолаға арнайы гастрольмен келіп, облыс орталығының «Тың игерушілер» сарайында, педагогика училищесінде, Атбасар, Есіл аудандарында жеке концертімді бердім. Қасымда фортепианода сүйемелдеуші концертмейстер Ирина Филинкова бар. Халықтың ықыласы ерекше болды.Мені осы өнер сапарына арнайы шақырған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағанбетова еді. Қайтар кезде Елбасы Жарлығымен бұрынғы Ақмола мемлекеттік университеті негізінде қайта құрылған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тұңғыш ректоры Аманкелді Құсайынов ағамызды құттықтап, сәлем бере кетуді жоспарладым.
Кабинетіне енген бетте ректор Әбекең: «Әй, Кенжеғали, міне, мәртебелі университетке айналып жатырмыз. Болашақ астанаға келсеңші. Біздің музыкалық факультеттің деңгейін көтеруіміз керек. Сенің атағың және тәжірибең бар. Маған керексің. Жағдайыңды жасаймын, 4 бөлмелі үй беремін» деп бәрін бірден айтып салды.
Мұндай ұсынысты күтпеген мен «Опера театрынан біраз әншілерді ала келсем бола ма?» деп едім, ол кісі: «Алып кел, оларды да жұмысқа орналастырамын» деп ағынан жарылып, телефонмен кадр басқармасының басшысы Жанна Абдрахмановаға: «Мәдениет министрі Талғат Мамашевқа хат жаз! Университет Кенжеғали Мыржықбайды Абай атындағы опера және балет театрынан ауысу негізінде шақырады» деп шұғыл тапсырма берді. Бұған дейін кейбір мәселелермен қай жерге барсам да «көрейік, ойланайық, ақылдасайық, келісейік» дегенді естіп жүрген мені ректордың шұғыл шешімі аса таңғалдырды. Ректор тапсырмасын кадр басшысы 10-15 минутта орындады. Оған Әбекең сарт еткізіп қолың қойды да: «Қысқасы, тамыздың 30-ында осында болатын бол!» деді. Жылы қарсы алып, жылы шығарып салды. Содан Алматыға жетіп, біраз әріптестеріме айтып көріп едім, олар мені қолдамай, керісінше, айныта бастады. «Ол жер астана болу үшін жарты ғасыр уақыт керек. Сен немене, астыңнан су шықты ма, театрда өз орның бар, барлық бас партияларды сомдайсың. Көбінің оған қолы жетпей жүр. Ол жақта әншілігіңнен айырыласың. Алматының аты – Алматы, қызбалыққа салынба, алдауға ерме!» деп өзімді сөкті. Мәдениет министрі Талғат Асылұлына барып жағдайды айтқанымда, ол кісі бұл шешімді қолдап, батасын берді. Зиялылық деңгейде ілтипат жасап, өтінішімнің шекесіне «Театр директоры Қуаныш Оразғалиевқа! К.Т.Мыржықбайды Ақмолаға жіберуді қолдайық!» деп қолын қойды. Сонымен, 1996 жылдың тамызында чемоданымды арқалап «Ақмола, қайдасың?!» деп солтүстікке тарттым да кеттім.
Ауысып келген соң, университеттің музыка факультетінің доценті ретінде жұмысқа кірістім. Бір-екі айдан кейін тамаша музыкант, концертмейстер Гүлзада Құсайынованың сүйемелдеуімен «Алматыдан – Ақмолаға» атты жеке концертімді бердім. Оны «Казахстанская правда» газетінің бірінші бетіне «Болашақ астананың алғашқы өнер қарлығашы Ақмолада концерт берді» деп жазып, суретімді берді.
Айтпақшы, сол жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «режиссура» мамандығының соңғы курсын қосымша бітіруші едім де, дипломдық жұмысыма Загир Исманиловтың «Құдаша» атты музыкалық комедиясын опера театрында сахналауға алғанмын. Оның алғашқы қойылымын жарты жыл дайындап, университеттің акт залында жергілікті әншілер Гүлнар Хамзина, Ғалия Байғозинова, Ербол Сарин, Нұрай Танабаев, Ғизат Сқақов, Гүлмира Сариналардың қатысуымен шығардық. Әнші жетіспегендіктен, тенор дауыста бас партияны өзім ойнадым. Премьера сәтті шықты. Бұл қойылым Ақмола үшін үлкен музыкалық жаңалық еді, барлық басылым мақтап жазды. Соған риза болған ректор ғылыми кеңестің шешімімен маған «университет профессоры» академиялық атағын берді. Бұл мені шабыттандырды. «Әншімін» деп жүрген басымызды ғылым-білім әлеміне қарай бұрғызды.
Сол уақытта Ақмолада газ жоқ, ыстық су жоқ, электр жарығының өзін бірде беріп, бірде бермейді, жалақыны кешіктіріп береді. Зайыбым мен қызым Алматыда, біз баламыз екеуміз Ақмолада біраз бүрсеңдеп жүрдік. Орыстанған орта әншінің жағдайын ойлай қойсын ба? Кейбір аға жасындағы адамдарға «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдессең, «Здравствуйте!» деген жауап аласың. Әйтеуір Әбекеңнің ыстық ықыласы, зиялылар мен жергілікті қазақы ақсақалдардың ақылды кеңесі бізге жылылық лебін сездірді.
1997 жылдың көктемінде Елбасы өзінің ашқан тұңғыш университетіне Қырғызстан Республикасы президенті Асқар Ақаевты шақырып, таныстырды. Әбекең басшы ретінде құрақ ұшып жүр. Мен сол кездесуде Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі бойынша жазылған Илья Жақановтың «Даниярдың әнін» орындадым. Сонда Аманкелді Құсайынұлы «Құрметті Президент, университетке ғалымдармен қатар өнер адамдарын да шақырып жатырмыз» дегенде, Елбасы маған бұрылып, мейірлене, жымия қарағаны есімде. Әбекең қандай жоғары лауазымды мейман келсе де, бізді алға шығарып, шығармашылық мерейімізді өсіріп отырды.
Жасыратыны жоқ, Алматыда ұзын арқау, кең тұсау өмірге үйреніп қалған едім. Маған бұл университет армияның қатал бір батальонына түскендей әсер қалдырды. Ағамыз өзі күрестен спорт шебері болғандықтан болар, сөзі де, ісі де жылдам, бетің бар, жүзің бар демейді, сарт еткізіп бірақ айтады да, қарап тұрады. Бірақ кейбіреулер сияқты жылмиып жылы сөйлеп, өтірік алдамайды, артында зіл жоқ, кек сақтамайды. Кешкі алтыдан кейін проректорлар мен декан, кафедра менгерушілерін спорт залға жинап алады да, өзі солармен бірге футбол, волейбол ойнайды. Қыста шаңғы теуіп, хоккей ойнап, әр тоқсан сайын спорт түрлерінен жарыс өткізіп, жеңімпаздарды марапаттап, көтермелеп отырады.
1997 жылы Ақмола елорда болуға қызу даярланып жатқан шақта облысқа Жәнібек Кәрібжанов басшы болып тағайындалды. Ол кісі менің өнерімді жақсы бағалайтын. «Облыстық филармония жасақта» деп қолқа салды. Бұл өтінішімді А.Құсайыновқа айттым. Әбекең мені қолдады. Кейін облыс пен университет басшыларының азамат ретінде сыйласқанын талай көрдім.
М.Жұмабаев көшесіндегі бұрынғы жатақханадан жасалған жайлы үйде А.Құсайыновпен көрші болдық. Ол кісі 3-қабатта, мен 4-қабатта тұрдым. «Пианиноң жұмыста тұрғаны дұрыс, пәтерімізде құлағымыз тыныш болсын!» деген әдемі қалжыңынан соң, Алматыдан арнайы арқалап келген дүниемді өзім тұңғыш директор болып құрған облыстық филармонияның игілігіне жаратып жібердім.
Бір атап өтерлігі, 1996 жылы университетке шақырылған ғалымдардың ішіндегі ең жасы «Қазақ әдебиеті кафедрасының» меңгерушісі, филология факультетінің деканы болған, көп жылдан бері проректор қызметін атқарып келе жатқан Дихан Қамзабекұлының еңбегі ерекше атап айтуға тұрарлық. Отыз жасында Еуразия ұлттық университетіне келіп, бір орнында 25 жыл тапжылмай қызмет істеп, қыруар еңбек жасап, ел сыйлайтын іскер азамат, академиялық орта қадірлейтін ғалым Дихан Қамзабекұлы – бүгінде ҚР ҰҒА академигі, профессор, алаштанудың қабырғалы, салиқалы зерттеушісі.
Бүгінде бас қаламызбен бірге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де қанатын кеңге жайды. Оқу орнының қазіргі ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов университеттің білімі мен ғылымын ғана емес, мәдениетін гүлдендіруге мол мүмкіндік жасап отыр. Университеттің «Кәусар» мәдени-танымдық орталығы арқылы елімізге, халқымызға еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, композиторлар, театрлар, оркестрлердегі өнер адамдарымен кездесулер өткізіп, тақырыптық жеке концерттерді беріп, рухани азық беріп келеміз.

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген әртісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =