Жырымен жігер сыйлаған

0 63

Кеше елімізде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды.  Алдымен елордадағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті. Шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ақын-жазушылар, жамбылтанушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.Биыл елімізде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, ғылыми, танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, ақын өмірінен деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделіп отыр.
Жыр алыбының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне Жамбыл және Алматы облыстарынан арнайы келген делегация қатысты.
«Бүгінгі шараның жастарға үлкен тәрбиелік мәні бар. Әдетте Жамбыл Жабаев кім дегенде ақын, жырау, айтыскер деп айтамыз. Онымен шектелуге болмайды. Мысалы, былтыр Абай жылы болғанда Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласында Абайды ақын ретінде ғана емес, ойшыл, философ, ғалым ретінде көрсету керегін айтты. Жамбыл Жабаевты да жай ғана айтыскер емес, үлкен қайраткер ретінде көрсету маңызды. Мысалы, Жамбыл Жабаев – қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, осы салада үлкен орны бар. Ол – қазақ айтысының әлеуметтік-саяси мәніне баса назар аударған тұлға» деп атап өтті Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметқали Сарыбеков.
Кешке Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен салтанатты шара барысында Жамбыл Жабаев музейінің экспозициясы таныстырылды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады.
«Жамбыл – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ерекше орны бар Алатаудай асқақ тұлға. Жамбылдың биылғы мерейтойына айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығын жалпы ұлт мақтанышы ретінде ғана қарас­тырмай, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, отансүйгіштікке тәрбиелеудің ықпалды құралына айналдыру межеленіп отыр» деп атап өтті министр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =