Жыры өшпес жүректен…

Өттің, дүние...

0 255

Белгілі ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық «Алтын медаль» иегері, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Шөмішбай Сариев 75 жасына тура екі ай қалғанда өмірден өтті. 15 сәуірде дүниеге келген еді, 15 ақпанда жалғандағы татар дәм-тұзы таусылды. Замандастары поэзиясы мен ән мәтіндерін меңзеп, «Қос қанатты ақын» атап кеткен қаламгердің екінші ғұмыры басталғанына бір апта болды. Ал мына өмірде өшпес ізі, жырсүйер қауымның жүрегін жылытар өлеңдері қалды.Шөмішбай Сариев 1946 жылдың көктемінде Қызыл­орда облысы Арал ауданы Шөміш стансасында дүние есігін ашты. Қамбаш орта мектебін бітіргеннен кейін Қазалы аудандық «Ленин жолы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде еңбек жолын бастады. ҚазМУ-дің журналистика факультетін аяқтады. Студент күнінен «Қазақстан» баспасында жұмыс істеді. Одан кейін «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болды. Әдеби журналда жүріп бүгіндері есімдері белгілі болған бірнеше ақынның елге танылуына жол ашты.
«1985 жылы Шөмішбай Сариев поэзия бөлімі меңгерушісі болып істейтін «Жұлдыз» журналының мамырдағы 5-саны түгел 30 шақты ақынға арналды. Бас редакторы жазушы Мұхтар Мағауин еді. Шалғай Шардарадағы Қызылқұмда мұғалім болып жүрген біздің бір топ өлеңдеріміз сол кездегі ең беделді әдеби журнал «Жұлдызда» жарқ ете қалып, жұлдызымыз жарқырап жүре берді. Ол кезде мұндай басылымдарға бір шықсаң, ертеңіне елге белгілі болып шыға келесің.
Бүкіл қазақ әдебиетінің классиктері мен мықтылары ғана шығатын «Жұлдызға» шығу оңай емес, сондықтан оған көп беттей алмай, жастар журналы «Жалынға» үйірсектеу едік. Сөйтсек Шөмішбай ағамыз өзі «Жазушы» мен «Жалын» баспаларына барып, кітапқа қолжазбаларын тапсырған жас ақындардың жырларын өзі жинап алыпты ғой! Не деген жастарға қамқорлық десеңші!..
Екі жыл бұрын «Рухани жаңғыру» аясында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Америкада, Нью-Йорк қаласындағы күндеріне қатыстық. Сонда Шөмішбай ағамыз ортамыз­ды толтырып, жарқырап жүріп еді… «Сендерді мен ашқанмын» деуші еді көрген сайын бір топ жасты «Жұлдызға» шығарғанын меңзеп…» деп еске алады сол шақтарды белгілі ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты ­Қазыбек Иса.
Шөмішбай Сариев сатира жанрына да қалам тербегені кейін көп айтылмай кетті. Кезінде дүркіреген «Тамаша» ойын-сауық отауы­ның алғашқы авторларының бірі де өзі еді. Құдай берген ақындық талантына қоса, ғылыммен де айналысты. «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алды. «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзия» монографиясын жазды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып ұзақ жыл еңбек етті.
«Шөке – Шөмішбай! Ол қазақ поэзиясында өзінің ерекше орны бар, әрі лирик, әрі азаматтық әуеннің де ақыны еді. Шөкеңмен университетте қатар оқыдық. Самарқан қаласында екі айлық әскери дайындықта бірге болдық.
Арамызда ерекше сыйластық пен сырластық бар еді. Оның үстіне М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қабырғасында бірге қызмет атқардық.
Қазақ даласындай кең, Аралындай айдын еді… Аралда туып, бақытын Алматыдан тапқан кеңпейіл, ақ жүректі ақын туралы қандай теңеу айтсаң да жарасымды. Оның өмірі өлеңмен өрілді.
Шәкеңнің ән текстері ұлттың рухын көтеретін, жанын тербейтін.
Шөкеңнің өлеңдеріне жазылған әндер халық өлеңдеріне ұқсап кететін.
«Қарағым-ай» әні сол халықтық, ұлттық болмысымен жүректен-жүрекке жетті. Әуен мен сөз жарасым тауып, халық махаббатына бөленді.
Димаш Құдайберген баламыз «Қарағым-айды» әлемге танытты. Әлемнің жанкүйер, әнсүйер қауымы сол әнді қазақша шырқады.
Өткен жылдың желтоқсанында Шөмішбай ­Сариев Отанымыздың жоғарғы ­наградасы – І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Алматыға арнайы ұшып келіп, Шөке – Шөмішбайды құттықтағанмын.
– Поэзия барысы едің, енді мемлекеттің І дәрежелі «Барысы» болдың, – деп құшақтасқан сәттер көзімнен де, көңілімнен де кетпейді.
Досым, әріптесім, курстасым Шөкеңді бұл соңғы көруім екен. Жыры жүректен өшпейді» деп жазды таяуда Facebook-тегі жеке парақшасында белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан.
«Шөмішбай Сариев – поэзиямызға жетпісінші жылдары келген бір топ талантты ақындардың ортасында өз өлең өрнегі, өз дауысы «ә» дегеннен белгілі болған ақындардың бірі». Бұл – көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің Шөмішбай шайырға кезінде берген бағасы. Ғафу ақын Серік Тұрғынбекұлы, Кеңшілік Мырзабеков сынды бауыр­ларын еркелетіп, Сыр бо­йында туған Шөмішбайды да олардан кем көрмейтін. Сол кездері үшеуі Ғафу ақынның шаңырағына жиі барып тұратын.
Шөмішбай өмірден өтті деген қаралы хабар Серік ақынның жүрегіне ауыр тиді. Өзі науқастанып жүрсе де, өткен аптаның жұмасында ол бізге төмендегі «Аққулары Аралдың шулап жатыр…» атты аза жырын жолдады. Екеуі түйдей құрдас, жақын дос еді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Шөмішбай Сариев Мемлекеттік сыйлыққа түскенде, Серік ақын досын қолдап, «Шөмішбайдың табысы мен шабысы» атты мақала жазды. Бұл мақаланы «Аstana aqshamy» редакциясында компьютерге теріп берген едік. Кейіннен ол «Егемен Қазақстан» газетінде «Айқын азаматтық дауыс» тақырыбымен жарық көрді.
«Ұлтын-жұртын жарты ғасыр бойы жыр жауһарына кенелтіп, жас ақыннан хас ақынға айналған аралықта шашасына шаң жұқтырмай жүйткіген тұлпар ақын Шөмішбайдың табысы мен шабысына талғам таразысымен қарасақ, оның қазақ өлеңіне қосқан үлесіне еріксіз тәнті боласың» деп жазады онда Серік Тұрғынбекұлы.
Шөмішбай Сариевтің алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрді. Содан ке­йін ондаған кітабы шықты. Мұның сыртында Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, ­М.Эминеску, т. б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Ал ән мәтіндері 300-ден асып жығылады. Соның ішінде көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеевпен аса сәтті шығармашылық тандемде болды. Сейдолла Бәйтереков, Жанбота Тұяқбаев, Гүлнәр Дәукенова, т. б. осы секілді белгілі композиторлардың әндеріне өлең жазды. Әйгілі әнші Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Атамекен», «Сарыарқа», «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра», «Ғашықтар жыры», т. б. әндерді бұл күндері білмейтін қазақ жоқ.
Қазақ поэзиясы мен ән өнері тарихына есімі өшпестей болып жазылған ақынның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! «Elorda Aqparat» ЖШС ұжымы, «Аstana aqshamy» газеті атынан шайырдың отбасына, туған туысқандарына көңіл айтамыз.

***

Аққулары Аралдың шулап жатыр…

Ақын деген ешқашан тозбайды ұғым,
Күн сайын эфирлерден маздайды үнің.
Аққу-қазды
Айдында қалқытқандай,
Ән мен жырдың өттің сен жазбай жұбын.

Жырдың жүгін атандай көтеріп ең,
Өмір деген осылай өтеді дем.
Сазгерлермен тамырың сабақтасып,
Ән мәтінін биікке көтеріп ең.

Тағдыр шіркін бола ма әлде осындай,
Жырың қалды теңіздің жалғасындай.
Өмірде де асығып жүруші едің,
Қайда жылдам жөнелдің
Жан Досым-ай?

Сен болмасаң қалардай дала жүдеп,
Туған елге жүруші ең барамын деп.
Ән мен жырдан жаралған бір мұраңдай,
Қалды артыңда сарқылмас Аралың боп.

Бұл өмірден өттің сен ұсақталмай,
Талантыңды тар жерде тұсап қалмай…
Жақсы көрген жандарды жібермеуші ең,
Бауырыңа бір басып құшақтамай.

Сөйлегенде ел үшін
Ар атымен,
Кейде тіпті от болып жанатын ең.
…Аққулары Аралдың шулап жатыр,
Қалған суды сабалап қанатымен!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − one =