ЖYРЕГIМIЗДI ЖЫЛЫТҚАН ЖYЗДЕСУЛЕР

0 120

2014photo_30733_1_

Қарапайым адамдардың бір-бірімен таныс болып, достығының жарасуы­на үлкенді-кішілі уақиғалар да себепші болып жатады. Кездейсоқ кездессе де бір-бірін жақын біліп, таныған сайын, құрметі мен сыйластығы артады. Жеке адамның шыққан елі мен ұлтын сұрап, жәй таныстық халықтар арасын қосатын алтын көпірге айналады.

Сочи қаласында өткен қысқы ХХІІ Олимпиада ойындары әр құрлықтан жинал­ған жандардың достық пейі­лі мен ыстық ықыласының алаңына
айналғанының куәсі бол­дым. Ме­нің­ше, ре­сейліктер халықа­ралық спорт додасын өз деңгейін­де, бар сәні мен салтанатымен өткізіп, аса ұйымшылдық пен жинақы­лықтың үлгісін, патриотизм мен ерік-жігерінің әлеуетін көрсете білді. Олар керемет спорт мере­кесін тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген жан­күйер қауымның үмітін ақтады. Спорт­шылар қауымын, олимпиада қонақ­тарын, журналистер мен волон­тер­лер­ді, бір сөзбен айтқанда, бүкіл жұрт­­шылықты жан жылуымен баурай білді. Жарысты күндерде жеңіс пен сам­ғау­дың рухы бізді қанаттандырды.

Жасыратыны жоқ, бауырлас Ук­раинадағы тәртіпсіздіктер спорт жа­на­шырларының көңілін алаң­да­тып, спорт мерекесінің шырқын ала­тындай әсер болған еді. Алайда, бе­кер қауіптеніппіз, Ресей ешқандай қо­­лайсыз жағдайға жол бермей,  же­ңісті күндердің қуанышына қылау түсірмей, жалпы командалық есепте бірінші орынды иемденіп, спорт  әлеміндегі шоқтығын биіктетіп, «ең мық­ты спорттық держава» деген атаққа қол жеткізді. Мен қазақ­стандық делегация­ның өкілі ретінде ресейліктерге спорт саласындағы биік жеңістер мен табыс тілеймін. Бейбітшілік, тату көршілік, көңіл-күйімізге көлеңке түспеуін қалаймын.

Жергілікті халық, қарапайым ресей­ліктер қазақ жанкүйерлеріне іш тартып, ерекше жылылықпен қарады. Бізбен бірге болып, спорт­шы­­ларымыздың шын жан­күйер­лері қатарынан табылды. Көбісі еліміздің көк байрағының астында суретке түсіп, қысқы олимпиа­даның қызықты сәттерін фото­обьективке қаттап жатты. Бұл күндері бұрынғы отандастарымыз біздермен қауышып, елдің амандығын сұрап жатты. Бүгінде басқа жерде тұрып жатқан олар жылы сөздерімен қолдап, жүректен шыққан сезімдерін, туып-өскен жеріне деген сағыныштарын жасырмады.

Жапония мен Германиядан келген жастардың бір тобы бізді қаумалап алып, жөн сұрасты. Кетер кезінде біздің мемлекеттік әнұранды бірге қосылып айтпақ болған талаптары бәрімізді толқытты.

Осындай сәттердің бәрі біздің елі­міздің шетелде қадірі барына көзімізді жеткізгендей болды.

Жеңіс пен жеңілістің, өкініш пен үмітің оттарын артта қалдырып,  думанға толы дүрмекті күндеріміз сырғып өте шықты. Елімізге оралып, споршыларымыздың сүрінген жерін түсіндіріп, жеңісі үшін мақтау айтып, нәтижелерімізді сараптайтын күн де келіп жетті. Осы оқиғадан үш апта өтпей жатып, Еуразия университетінің шаңғышылар командасы Алматыда өткен жоғарғы оқу орындары арасындағы  прези­денттік  көпсайыста алтын  медалға ие болды.

Олардың жеңісі – ортақ табысымыз. Үлкен болсын, кіші болсын, бәрібір. Себебі,  бұл біздің 15 жылғы аянбай еткен еңбегімізбен, маңдай терімізбен келген жетістік. Ал Алматыдан келген сәтімізде мұнда ешқандай спорт базасы болмаған еді. Білікті мамандарды даяр­лауға қажетті барлық жағдайға мем­лекеттің қолдауымен қол жеткіздік.

Кім біледі, мүмкін, осы жас өрен­дер­дің арасында болашақтағы олимпиада жеңімпаздары жүрген болар. Спорт та жеңіс пен жеңілістен, самғау мен құлдыраудан тұрады. Тәжірибесінің аздығына қарамастан Қазақстан 26-орынды иеленді.  Осы арқылы қысқы спорт түрлері бойынша көшбасшы, дәстүрлі жолы қалыптасқан іргелі мем­лекеттер арасынан ойып отырып ал­­ғанын ескеруіміз керек.

Е.ОМАРОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультеті, дене шынықтыру кафедрасының доценті

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 5 =