Жыр жауһары

0 21

Ұлттық академиялық кітапханада «Ер Едіге» – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбом таныстырылды.

Халқымыздың сан ғасыр бойы сақтап келген ғажайып байлығы деп айтуға болатын бірнеше жыр-дастанды қамтыған жаңа жинақ Ақтөбе облысы әкімдігінің қол­дауымен жұртшылыққа жол тартты.
– Соңғы екі жылда облыстық Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясын шығаруды қолға алған болатын. Сол жұмыстың нәтижесінде былтыр белгілі жыршы Алмас Алматовтың жетекшілігімен аталған жинақ жарық көріп отыр, – деп атап өтті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.
«Ер Едіге» – түркі халықтары арасында көп тараған көне жырлардың бірі. Жинаққа «Едіге батыр» эпосы, Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны (Қайролла Иманғалиев нұсқасы), т. б. ел арасында жиі айтылатын көлемді дастандар топтастырылды. Бір сөзбен айтқанда, жалпы саны қырықтан асатын жыршыдан алпыс сағаттық жыр жазып алынған.
Музыкалық альбом екі бөліктен тұрады: бірінші кітапта – «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген жыраулар және әр өңірде сол мұраны таңнан-таңға ұрып жыр­лаған жыршылардың өмірбаяндары қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, екінші бөлікте кітаптың ішінде жыр жазылған он диск орналасқан. Жыр жауһарлары топтасқан жинақ бес жүз данамен басылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − one =