«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жыр арқауы – Астана

0 361

«Қазақстан» орталық концерт залында Астананың 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «сөз барымтасы» екі күн елорда төсін дүбірге бөледі. Айтысқа берісі Қазақстаннан, арысы Қырғызстан мен Моңғолиядан 20 ақын жиналды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет бастаған қазы­лар алқасының құрамында Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, этнограф Шынай Рахметұлы, Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара сынды шетелдегі қандастарымызбен қатар, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, халық ақыны Әсия Беркенова, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп сияқты елге танымал тұлғалар болды.
Алғашқы күні ақындар 10 жұпқа бөлініп, Астананы асқақтата да, бас қаланың кемшіліктерін көрсете де жырлады. Сөз тартысын әр айтысында өткірлігімен, халықтың көкейіндегісін айтумен көрерменді баурайтын Ринат Зайытов пен Мейірбек Сұлтанхан бастап берді.
«Астана – Қазақстанның моторындай» деп бастаған Ринат:
Мысалы, Астанада министр бар
Қазақтың қасіретін білмейтұғын.
Қазақты байып кетті деп ойлайды,
Адамдар атқа мініп жүретұғын.
Үкімет неге ескертіп айтпады екен,
Қазақтар бірдей өмір сүрмейтінін.
Астана қаласынан басқа жерлер,
Отыз ел қатарына кірмейтінін.
…Ауылда кейбір ішетін су жоқ, ал мұнда
Ұстайды вай-фай далада, аялдамада – деп бір қайырды.
Мейірбек Ильинка, Талапкер, Қосшы, Қоянды сынды Астананың іргесіндегі ауыл­дардың жайы, қазақтардың құрылыста өзгелерге қарағанда аз жалақы алатыны секілді әлеу­меттік проблемаларды қозғады. Бұл айтыста бір ұпай айырмашылығымен Мейірбек жеңді.
Қырғызстаннан келген Мұң­дызбек Үсіпбекұлы қарсы­ласы – Алматы облысының атынан қатысқан Бүркітбай Әділбекке «Қазақтар Қытайда неге қамалып жатыр?» деген сұрақты қойды. Бүркітбай сол елде қазақтармен қатар, қырғыздар да абақтыға жабылып жатқанын сөз ете келе:
Қазақтар, қандастарға қол созыңдар,
Тезірек шашпай-төкпей жинамасаң,
Теңізге тамған тамшыдай таптыр­майды, – деп аталы сөзді айтты.
Алғашқы айналымда Айбек Қалиев пен Дидар Қамиевтің, Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязовтың айтыстары тамаша шықты. Осы ақындар бабында екені сөздерінен көрініп тұрды. Мақсат Ақанов пен Аяулым Жұмабекқызы, Аруна Керімбек пен сырнаймен шыққан Дәурен Ысқақ әдемі қыз бен жігіт айтысын жасады.
Аспанбек Шұғатаев пен Шұ­ғайып Сезімхан біраз мәсе­лені көтерді. «Екі жылда бір айтыс, екі күнде «Жайдарман» деген Аспанбек Астанада екі жылдан бері үлкен айтыс өтпегенін меңзеп, жеңіл шоулар жиі ұйымдастырылатынын сөз етті. Оны қостаған Шұғайып «ЭКСПО-2017» кезінде де айтыс өтпегенін, есесіне шетелдік әншілер қаптағанын айтты.
Атыраулық Серік Қойшы­ғұ­ловпен айтысқан Моңғолиядағы қандасымыз Аманжол Қуант­қанның сөзінен әлі шикі екені көрініп тұрды. Серіктің өнері әлдеқайда басым шықты. Кері­сінше, Баянөлгей өлкесінде Айдос Рашат деген тәп-тәуір ақын бар екен. Қызылордалық Ержан Әміровпен тартысқан ол тегеурінін байқатты. Түркістан облысынан келген Біржан Байтуов пен қырғызстандық Асылбек Маратовтың айтысы солғындау болды.
Қазылар алқасының ұйғары­мымен финалға 12 ақын жолдама алды. Екінші күнгі айтысты Айбек Қалиев пен Аспанбек Шұғатаев бастады. Айбектің «айтыстағы Асан қайғы» деген аты бар. Ал Аспанбектің бабасы – Бұқар жырау. Бұл айтыс екі тарихи тұлға сырласқандай әсер берді.
Рүстем Қайыртайұлы мен Мақсат Ақанов сахнада қалжың­даса, бірін-бірі қажай отырып, тартымды айтысты. Серік Қойшығұлов пен Асылбек Маратов айтарлықтай шабыс­ты көрсете алмады. Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезім­хан­ның тартысында алғаш­қысының тәжірибелігі байқалды. Ринат Зайытов пен Айдос Ра­шаттың айтысында да дәл солай болды. Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев бірі екіншісінен кем түспеді. Алайда бақ Мұхтар жағына ауды.
Қазылар алқасы кеңесе келе, суперфиналға Ринат Зайы­тов пен Мұхтар Ниязовты жіберді. Қорытындысында «ит­жығыс» болды. Бас жүлде екеуіне де берілді. Әрқайсысына ұйымдастырушылар тағайын­даған 7 млн теңгеден тиді. Екінші орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Рүстем Қайыртайұлы алды. Үшінші орынды Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов пен Серік Қой­шығұлов еншіледі. Бес ақынға арнайы жүлде тапсырылды. Барша қатысқан ақындар сыйлықсыз қалған жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды