Жылжымалы флюорография

0 47

Елордада жылжымалы флюорография жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар кезек күтпестен көлік ішінде кеудесінің кес­кінін жасатып, пневмонияның бар-жоғын анықтай алады.«Алтай» клинкасына қарасты флюорография көлігі Сарайшық көшесі, 7 мекенжайында орналасқан. Таңғы сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Үзіліс уақыты – 13:00-ден 13:30 аралығында. Жексенбі жұмыс істемейді.

Айта кетейік, қалада мұндай жылжымалы қондырғылар Сығанақ көшесі, 21/1 мекенжайындағы «Medical assistance group» медицина орталығы мен Сәтпаев көшесі, 22 мекенжайындағы «Достар мед» клиникасында қарас­тырылған.
Рентген-лаборант Дилжанова Ғазизаның айтуынша мұнда күнделікті 130-150 адамға дейін келеді. Бірақ соңғы бір аптада қызметалушылардың саны азайды дейді. «Ақпан айынан бері осы мекенжайда қызмет көрсетіп келеміз. Қазіргі таңда пневмонияның сабырсығаны, жұғу қарқынының төмендегені байқалады. Мәселен, соңғы бір аптада флюороға түсушілердің саны азайды. Күніне 50-ге жуық адам қызметімізге жүгінеді. Оның ішінде өкпе қабынуы байқалатындар аз, басым көпшілігінің нәтижесі жақсы. Бүгін түске дейін 15 адам келді, бәрінің көрсеткіші оң. Егер пневмония байқалса, оған ескертіп, дәргерге жолдама жазып беремін. Одан соң барлық аппаратураны өшіріп, көлік ішін бактерияларды өлтіру үшін кварцтаймын. Флюокардың есік-терезесін жауып 15 минутқа қалдырып кетемін. Барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп отырмыз. Бетпердесіз ешкім ішке кіре алмайды. Қызметті барынша жылдам көрсетуге тырысамыз, бас дәрігер процесті онлайн бақылайды. Ол тексеріп нәтижесін маған жібереді, мен оны шығарып қызметалушының қолына беремін. Осы маңайдағы тұрғындарға қарағанда, жан-жақтан іздеп келушілер көп. Көбісі пневмониядан айығып, саулығына көз жеткізу үшін екінші рет тексеріліп жатады» деді маман.
Кез келген ниет білдіруші жылжымалы бекетке келіп кеудесінің кескінін жасата алады, алдын ала тіркелудің қажеті жоқ. Тексерістен өту ақысы 2500 теңге, өзіңізбен жеке куәлігіңіз болса жеткілікті.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 14 =