Жылыту қазандықтары көгілдір отынға ауыстырылады

0 13

Қала халқының саны күн сайын қарқынды өсіп келеді. Демек, күн сайын жылу мен электр қуатын тұтынушылар саны көбейеді деген сөз. Осыған орай елорданы жылумен, ыстық сумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін стратегиялық нысандар – жылу-электр орталықтарының (ЖЭО) үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлінеді. Жуырда қала басшысы Алтай Көлгінов ЖЭО-ларды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.«Бүгін №3 жылу-электр орталығы құрылысының барысымен таныстым. Бұл ЖЭО бойынша жобаға түзету жүргізілді, құрылыс-монтаждау жұмыстары, соның ішінде су жылыту қазандығы қалпына келтірілді. Нысанды іске қосу 2022-2023 жылғы жылыту маусымына жоспарланып отыр. Қуаттылығы – сағатына 420 гигакалориядан астам. Бұл ЖЭО 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді, оның ішінде әлеуметтік нысандарды, әкімшілік ғимараттарды және т.б. жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмысты сапалы жүргізіп, қарқынын арттыруды тапсырдым» деп жазды А. Көлгінов.
Елорда әкімі қаланы газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде биыл екі газ қазандығының құрылысы басталатынын хабарлады. Олардың қуаты №3 ЖЭО-ның қуаттылығынан екі есе артық болмақ. Қазандықтар бірінші кезекте жылу тапшылығы болуы мүмкін учаскелерді қамтамасыз етеді.
«Сондай-ақ қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, №1 ЖЭО және №2 ЖЭО-ында төрт су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған су жылыту қазандықтарын толықтай газға ауыстырамыз. Жылу электр орталықтары мен газ қазандықтары бойынша жүргізілетін жұмыстар болашақ құрылыс аудандарын жылумен қамтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ экологияға оң әсерін тигізеді. Бұл мәселелер ел басшылығының бақылауында» деп жазды А. Көлгінов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + two =