Жылыту маусымы қорытындыланды

0 90

Астана 2012-2013 жылдарға арналған күзгі-қысқы жылыту маусымын қоры­тындылады. Осыған байланысты елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен алқалы жиын өтті. Онда қала әкімінің орынбасары Василий Крылов баяндама жасап, жауапты кезеңнің қандай деңгейде  өткенінен хабардар етті.

Жылу беру 20 сәуірге дейін жалғасады

Бұл – тұрғын үйлер мен ғимарат­тардағы жылу жүйесі өшіріледі деген сөз емес. 15-20 сәуір күндері елордада күн күрт суытады деген бол­жам бар. Осыған байланысты қа­ла тіршілігін қамтамасыз ететін жүйе­лер қалаға жылу беруді 20 сәуір­ге дейін соза тұруды жөн са­нап­ты. Василий Крыловтың ай­туын­ша, жылытудың автоматты қон­­дыр­ғы­сы бар нысандарда жы­лу жүйе­сі өзі реттеледі, ал ондай құрыл­ғысы жоқ тұтынушылар жылуды өшіру жөнінде өздері шешім қабыл­дауы керек. Бірақ міндетті түрде «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның келісімін алуы тиіс.

Апатты жағдайлар азайған

Кезекті жылу беру маусымы кезінде айтарлықтай апатты жағ­дай болмаған. Коммуналдық ша­руа­шылық мекемелері міндет­те­рін тиісті деңгейде атқарған көрі­неді. Табиғи құбылыстарға бай­ланысты туындаған апатты жағ­дайлар дер кезінде жөнделіп отырған.

Жылыту маусымы кезінде 1 181 млн/кВтч электр энергиясы жұм­салған, бұл былтырғымен салыс­тырғанда 5,4 пайызға көп.

1 899 мың тонна көмір мен 16 831 тон­на мазут жағылған. Ал «Аста­наГазСервис» АҚ 418 тонна газ жұм­­сал­­ғанын айтады. Бұл өткен жылу беру маусымынан 60 тоннаға ар­тық көрсеткіш екен.

Қала тіршілігін қамтамасыз ете­тін жүйелер жөндеу жұмыстары бойынша бірқатар жұмыстарды еңсерген. Атап айтқанда,«Астана Су Арнасы» МКК 53 шақырымға жуық ескірген су құбырларын ауыс­тырған. 4 шақырым кәріз желі­сін орнатқан. Бұл мекеме диспетчерлік басқару орталығын автоматтандыратын бейнебақылауы бар кешен­ді геоақпараттық жүйесін тәжі­рибеге енгізген еді. Осы заманауи техно­логияның арқасында электр энергиясына кететін шығын едәуір қысқарып, су құбырларында болатын апатты жағдайлар 30 пайызға азайған.

– Даладағы құдықтар да жаңа тә­сіл­мен құрастырыла бастады. Бұл да өзіндік артықшылығын әкеліп отыр. Осы әдіс енгізілгелі құдықтардың суықта қатып қалу жағ­дайы кеми бастады. Жылыту маусы­мының соңғы айларында қар­дың қалың түсуі су құбырларына да әсер етпей қалған жоқ. Алайда қар тазалауға, құдықта қатып қал­ған мұзды ерітуге байланысты жұмыс­тарды тиісті мекемелер аз уақытта еңсерді, – дейді Василий Крылов.

Есептегіш қондырғының көмегі көп

Астана қаласындағы 2130 көп­­­пә­­­тер­лі тұрғын үйдің қыстан қа­лай шық­қа­нына да тоқталған әкім орынбасары 662 тұрғын үйге жылуды есептеу қондырғы­сын орнату керектігін, ал 265 үйге коммерция­лық есептеу құрылғысын қабылдау жөнінде іс-шаралар жүргізу міндеті тұрғанын атап өтті. Өйткені тұр­ғын үйге ортақ жылу энергиясын есеп­тейтін құрылғысын орнатқан тұр­ғындар жылу энергиясын 20 пайызға аз төлейді. Сондықтан өт­­­­кен жылыту маусымынан кейін қа­­ла би­лігі осындай есептегіш құ­рыл­­­­ғы­­­лар­­ды бар­лық тұрғын үйге ор­­­на­ту жө­нінде бір шешімге келіп отыр.

Тұрғындар жалпыүйлік есепте­гіш қондырғысын сатып алу және орнату жөнінде «Астана-Теплотранзит» АҚ-мен келісім-шарт жа­са­­са­тын болады. Есептегіш құ­рыл­­­­ғыға кеткен қаржыны тұрғын­­­­дар кейін аталған мекемеге қай­­та­ра­­ды. Қондырғының бағасы оның диа­мет­рі­не, тұрғын үйдегі пә­тер­­­лер­дің санына байланысты. Мысалы, 5 қа­батты тұрғын үй­де тұра­тын­дар үшін есептегіш құ­рыл­­ғы­ның құ­ны әр пәтерге 5 333 тең­ге­ден келуі мүм­­кін. Ал 9 қабат­ты үйлер­де пәтер саны көп. Сондық­тан онда­ғы әр пәтерге шамамен 2 546 теңге (құн­ды өтеу – екі ай) тиесілі болады.

– Есептегіш құрылғыны орнату – әр тұрғынның қалтасына үнем. Олар жылуға қазіргіден анағұрлым аз төлейтін болады, – дейді әкім орынбасары.

Алдағы міндеттер қандай?

Кезекті жылыту маусымы аяқ­та­лы­сымен елорданың тиісті ме­ке­мелері келесі маусымға дайын­­далу қамына кірісіп кететіні бел­гілі. Қала әкімінің орынбасары Ва­си­лий Крылов алда қандай мін­деттер тұр­ғанын, нендей ша­руа­ларды еңсеру қажеттігін де баяндап өтті.

Алдағы күзгі-қысқы жылыту мау­­сы­мын еңсеру үшін 2 158 мың тонна көмір мен 30 мың тонна ма­зут қоры қажет.

«Астана-Энергия» АҚ-ның ке­лесі маусымға арналған 4 491 мил­­лион теңге сомасындағы жөн­деу және инвестициялық бағ­дар­ла­масы бекітіліп қойды. Кә­сіп­орын 2-ші және 3-ші стан­садағы екі құбыр агрегаттарын жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Қала аудандары бойынша 6 қазандықты ауыстыру міндеті тұр.

Бұған қоса, ЖЭО-2 аумағын­дағы Ашхабад, Жетіген көше­ле­рін­дегі жылу торабына күр­делі жөндеу жұмыстарын жүр­гізу, «Энергия жинақтау» бағ­дар­ламасы не­гізінде жылуды оқшау­лауды қал­пына келтіру, Петров, 4 ме­кен-жайындағы тұрғын үй мен Агро­қалашықтағы №58 мектеп пен Кенесары көшесіндегі №16 мектептің ішкі орамдық жылу желілерін жөндеу, Досмұхаметұлы, Жұбанов, Пушкин көшелері мен Тәуелсіздік даңғылында тұратын тұтынушылардың жылумен қамта­масыз ету жүйесін нығайтуға септі­гін тигізетін №19 жылу торабын жаңғыртуды аяқтау сынды жұмыс­тар атқарылатын болады.

Алдағы уақытта 2010 жылдан бе­рі қайта жаңғыртылып жатқан №1 және №2 насос стансалары пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Альбион» тұрғын үй кешені, мем­лекеттік органдарда жұмыс істей­тін азаматтарға арналған жа­тақ­­хана, №61 орта мектеп, №53 «Мерей» балабақшасы, №59 мектеп-лицейі орталық жылу тораптарына қосылатын болады.

ПИК-тер қайта құрылуы мүмкін

Тұрғын үйлерге қызмет көрсе­туді мойнына алған ПИК жұмыс­тарына тұрғындардың көңілі толуы сирек. Өткен жылу беру маусымы кезінде 7 ПИК ауысып, 6 ПИК төрағасы қайтадан сайланған. Жиын­­да сөз алған «Қазақстанның Тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лығы және құрылысы» ұлттық пала­­та­сының басқарма төрайымы Сал­­танат Рахымбекова ПИК-терді бірік­тіріп, ірі басқарушы және қыз­­мет көрсету компанияларын құру­ды ұсынды.

Салтанат Темірқұлқызының ай­туын­ша, қазіргі күні Астанада әр ПИК орташа есеппен, 10 тұр­ғын үйге қызмет көрсетіп отыр. Олар тұрғындардан айына 1 мил­лионға жуық қаражат жинайды. «Бұл қаражат жұмысшылардың жа­ла­қысын беруден әрі аспайды. Қаражат жағынан қиындығы көп ПИК-тердің жұмыстарында қан­дай ілгерушілік болуы мүмкін?! Сон­дықтан ПИК-терді біріктіріп, үл­кен сервистік қызмет көрсету орта­лықтарын құрған тиімді.

Салтанат Рахымбекова тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­­сындағы шет мемлекеттер тә­жі­­ри­бесін терең зерттегенін ай­­та келіп, Польшаны мысалға кел­­­тір­ді. Бұл елде тұрғын үйге қыз­­­мет көр­сететін басқару компа­нияла­ры­ның әрқайсысында 400-дей үй бар көрінеді. Яғни орта біз­дегі­дей 2 мың емес, бірден 60-70 мың тұр­ғынға қызмет көрсетеді. Ал 1,5 миллиондай халқы бар Варша­вада бар-жоғы 18 басқару ком­па­ния­сы мен 10 шақты қызмет көр­се­ту ком­паниясы бар. Есесіне, олар­дың қара­жат­ты көп жинап, үйдің төбе­сін жөндеу сынды ірі жұмыстарды атқаруға мүмкіндігі мол.

«Бұл ұсынысым – ПИК-тер­­ді жою деген сөз емес. Тек коопе­ра­тив иелерінің бір бөлігі бірі­гіп, басқару компаниялары болып құрылады да, материалдық-техни­ка­лық базасы толыққанды екінші бөлігі қызмет көрсету компанияларына айналады. Әйтпесе, қазіргі ПИК-теріміздің тұрғындардан жинаған қаражаты жалақы төлеуге әупірімдеп жетсе де, тұрғын үй­лердің «жыртығын жамауға» кел­мей отыр», – деді ол.
Елорда әкімі бұл ұсынысқа орай жеке кеңес өткізіп, талқылайтынын айтты. Содан кейін барып қала билігі нақты шешімге келмек.

***
Алқалы жиынды қорытындыла­ған Астана әкімі Иманғали Тасма­ғам­бетов тиісті мекеме башы­ла­рына нақты тапсырмалар жүктей келіп, 2013-2014 жылдардағы жылу беру маусымына барлық коммуналдық қызметтер мен энергия кешендері жоғары деңгейде дайындалатынына сенім білдірді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − three =