©2020 Астана Ақшамы
ЖЫЛЫ КИІНСЕҢІЗ, ДЕРТ ЖОЛАМАЙДЫ
Қыстыгүні жеңіл киінудің ақыры менингит ауруына әкеліп соғып жатады. Бұл ауру, әсіресе, жастар арасында жиі кездеседі. Сондықтан, осы кеселдің келтірер зардабы жөнінде біле жүру артық етпейді.
Менингит – өте қауіпті кесел. Бұл – халық арасында көп таралған дерттiң бiрi, өте қатерлі ми ауруы. Мұнымен көбінесе балалар ауырады. Ол басқа аурулардың, шешек, көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Сондықтан, ағзаға суық өткізіп алудан сақтану керек.
Бұл – орталық жүйке жүйесінің жедел жұқпалы ауруы. Көбiне суықтан болатын бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды.
Сонымен қатар, менингит бактериясы жөтелу кезiнде ауа арқылы жұқпалы түрге алмасады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Менингиттiң жұқпалы түрiне шалдыққан адам ауруды таратушы болып саналады.
Аурудың алғашқы белгiлерi – ауру жұққаннан кейiн 10-12 күннен соң ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерiлу, дауыс қарлығып, өңi бозару секiлдi инкубациялық кезең өтiп, денеде қызғылт түстi дақтар пайда болады. Дене қызуы 40-қа жоғарылап, бұлшық еттер тырыса бастайды. Аурудың алғашқы белгілері байқалса, тез арада білікті медициналық маманның көмегіне жүгіну қажет. Сәбилерде кездесетін туберкулездік менингиттің алдын алу үшін сәбиге туған кезінде арнаулы вакцина егілуге тиіс.
Шынар ДОСАН