Жылу тарифі өсе ме?

0 20

«АстанаЭнергосбыт» ЖШС келесі жылы елордада жылу тарифін 30 пайызға өсіруді ұсынды. Серіктестік бас директорының қаржы мәселелері бойынша орынбасары Жанна Гислердің айтуынша, қазіргі тариф компанияға шаш етектен шығын әкеліп отыр. Соның салдарынан «Астана Энергия» және «Астана-Теплотранзит» ұйымдары алдында қарыздары көбейіп барады.

Компания өкілінің уәжінше, бар мәселе сараланған тарифке тіреліп отыр. Осы тарифті қолданғаннан мекеме шығыны 2016 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың тамызына дейін 806,1 млн теңгені құраған. Ал биылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін шығын 196,8 млн теңге болады деп болжанып отыр. Қорытындысында төрт жылдың ішінде шығындар 1 млрд теңгеден асып кетуі мүмкін.
– Соңғы жылдары елімізде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бағасы айтарлықтай өсті. Мемлекетімізде, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында да орташа жалақы көлемі артты. Сондықтан компания тарифті қайта қарауды шешті, – дейді Ж.Гислер.
Оның сөзінше, тарифті өсірудің тағы бір себебі, 2016-2020 жылдарға арналып бекітілген тарифтердің мерзімі аяқталады. Егер ұсыныс мақұлданса, онда 2022 жылы тарифті тағы 5 пайызға өсіру жоспарланып отыр. Бұл жағдай компания қызметкерлерінің жалақысын өсіруге де мүмкіндік береді.
– Жалақы мөлшері соңғы жылдары қаралмады. Егер тариф көтерілсе, онда келесі жылы бір қызметкердің жалақысын 133 мың теңгеге дейін өсіру жоспарланып отыр. Қазір жалақы 77 мың теңгені құрайды. Яғни тарифті көтеру ұсынысы қолдау тапса, жалақы 72 пайызға артады, – дейді Ж.Гислер. Жылу тарифін өсіру мәселесі әлі бір ай бойы қаралады. Қала әкімдігі монополистің ұсынысын әзірге мақұлдаған жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 8 =